«Барыс» - «Амур». Тікелей эфир. LIVE-көрсетілім
12 қыркүйекте «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының жаңа маусымындағы үшінші матчын өткізеді. Астаналық клуб өз алаңында Хабаровскінің «Амур» командасын қабылдайды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Елорда командасы жаңа маусымды сәтті бастады. Алғашқы матчта «Барыс» Новосібірдің «Сибирь» клубын 7:1 есебімен ойсырата жеңсе, кейін Уфаның «Салават Юлаев» командасымен нәтижелі ойында 8:6 есебімен басым түсті.
Осылайша, екі матчта астаналықтар 15 шайба соғып, төрт ұпай жинады.
«Амурдың» маусым басындағы жағдайы бұдан әлдеқайда қиын. Хабаровск клубы үш кездесу өткізгенімен, әзірге бірде-бір рет жеңіске жете алмады.
Команда Магнитогорскінің «Металлургымен» екі рет кездесіп, алғашқы ойында 2:4 есебімен жеңілсе, екінші матчта овертаймда 1:2 есебімен есе жіберді. Бұдан бөлек, «Амур» «Сибирьге» 0:2 есебімен ұтылды. Үш кездесуден кейін хабаровскілік команданың еншісінде бір ғана ұпай бар.
«Барыс» - «Амур» матчы 12 қыркүйекте Астанада өтеді. Кездесу Қазақстан уақытымен 16:30-да басталады. Тікелей трансляцияны Qazsport телеарнасынан көруге болады.