Қазақстандықтардың бапкері ҚХЛ көшбасшысы клубындағы жұмысынан шеттетілді
«Металлург» бас бапкері Андрей Разин өткір пікірлерінен кейін клуб тарапынан тәртіптік жазаға тартылды. Бұл ретте команда ҚХЛ-дың Шығыс конференциясында көш бастап келеді, ал оның құрамында қазақстандықтар Никита Михайлис пен Валерий Орехов маңызды рөл атқарып жүр, деп хабарлайды Sports24.kz.
Клубтың баспасөз қызметінің хабарлауынша, команда ішінде ойыншылар мен бапкер арасында жанжал туындаған.
«Команда ішіндегі жағдай шынымен де талқыланып жатыр және біз мұны жасырып қалмаймыз. Бас бапкер мен ойыншылар арасында ойынға қатысты мәселелер бойынша да, өзара қарым-қатынас сипатында да келіспеушіліктер туындады. Бұл кәсіби спортта қалыпты жағдай: бапкер ойыншыларға талап қоюға құқылы, ал ойыншылар өз ұстанымын білдіре алады. Мәселе осы келіспеушіліктер команда ішінде шешілмей, жұмыс ахуалына әсер ете бастағанда туындады. Клуб мұны ескеріп, жағдайға араласты», - делінген мәлімдемеде.
Клуб өкілі басшылықтың жанжалды бірнеше жолмен шешуге тырысқанын, алайда олардың ешқайсысы келісімге келуге мүмкіндік бермегенін де айтты.
«Біз бірнеше кезеңнен өттік. Алдымен клуб ойыншыларды трансферге шығару нұсқасын қарастырды. Бұл тараптар ортақ тіл таба алмаған кезде қолданылатын қалыпты нарықтық тәжірибе. Алайда қазіргі уақытта қолайлы ұсыныстар түскен жоқ. Сонымен қатар жағдайды жұмыс тәртібінде реттеу үшін бапкерлер мен ойыншылар арасында келіссөздер жүргізуді бастадық. Өкінішке қарай, ортақ келісімге келе алмадық, сондықтан ымыраға келуге мүмкіндік қалмады. Клуб президенті бастаған басшылық бас бапкерді команданы басқарудан уақытша шеттету туралы шешім қабылдады. Бұл түпкілікті шешім емес, жағдайды ушықтырмай, сыртқы қысымсыз бағалауға мүмкіндік беретін басқарушылық шешім», - деді клуб директоры Алексей Жлоба.
Михайлис пен Орехов - «Металлургтің» көшбасшылары
Қазақстан хоккей құрамасының ойыншылары Никита Михайлис пен Валерий Орехов «Металлург» сапында өнер көрсетіп, команда құрамынан тұрақты түрде орын алып жүр.
Михайлис клубтағы төртінші маусымын өткізіп жатыр. Қазіргі маусымда қазақстандық шабуылшы 8 (4+4) ұпай жинады. Ал Орехов командадағы ең нәтижелі қорғаушылардың бірі саналады. Оның чемпионаттағы еншісінде 7 (0+7) ұпай бар.
«Металлург» Шығыс конференциясының турнир кестесінде бірінші орында тұр. Магнитогорск клубы 13 матчтан кейін 19 ұпай жинаған.
Айта кетейік, 2024 жылғы Гагарин кубогының иегері «Металлург» биыл Астананың «Барыс» командасымен де кездесті. Магнитогорскіде өткен матч алаң иелерінің 3:0 есебімен жеңісімен аяқталды.