«Семей» Чемпиондар лигасында «Барселонадан» ойсырай жеңілді
Қазақстандық «Семей» футзалдан Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінің екінші турында каталониялық «Барселонамен» кездесті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Екі команда да турнирдің негізгі кезеңіндегі жолын ірі жеңіспен бастады. «Семей» словакиялық «Лученецті» тас-талқан етті — 6:0. Ал «Барса» швейцариялық «Минерваны» 6:1 есебімен ойсырата жеңді.
Көшбасшылар кездесуінде каталониялық команда басым түсіп, 6:1 есебімен сенімді жеңіске жетті.
Командалар үзіліске каталондықтардың пайдасына 2:0 есебімен аттанды. Голдарды Эрик Гарсия мен Игор Соуза соқты.
Дедезиньо екінші таймның басында есеп айырмасын қысқартқанымен, одан әрі тек «көк-қызылдар» гол соқты. Эрик Гарсия, Адольфо Фернандес, Сухейль Мухудин және Антонио Перес каталондықтардың пайдасына қорытынды есепті белгіледі — 6:1.
Екі турдан кейін «Барсаның» еншісінде 6 ұпай бар және ол футзалдан Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алды. Семейліктерде үш ұпай қалды. «Лученец» пен «Минерва» әзірге ұпай жинаған жоқ және Астана уақытымен 23:00-де өзара кездеседі.