Қазақстан 2030 жылғы футзалдан Еуропа чемпионатын өткізу құқығы үшін күреседі
Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) 2030 жылғы футзалдан Еуропа чемпионатының финалдық кезеңін өткізуге өтінім берді, деп хабарлайды Sports24.kz.
УЕФА-ның ресми ақпаратына сәйкес, осы іріктеу циклінде турнир қожайыны атануға үміткер елдердің рекордтық саны тіркелді. Құрлық біріншілігін өткізу құқығы үшін Испания, Хорватия, Франция, Финляндия, Грузия және Польша да бақ сынамақ. Жалпы, УЕФА турнирді өткізуге үміткерлердің рекордтық санын тіркеді.
Еуропалық футбол одағының рәсіміне сәйкес, түпкілікті өтінімдер 2027 жылғы 8 маусымға дейін ұсынылуы керек. Футзалдан Еуро-2030 турнирін қабылдайтын ел 2027 жылғы қыркүйекте УЕФА Атқарушы комитетінің отырысында анықталады.
Айта кетейік, алдағы жылдары Қазақстан ұйымның қамқорлығымен бірнеше ірі іс-шараны қабылдайды.
2027 жылы Астанада УЕФА-ның 51-конгресі және 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында футзалдан Еуропа чемпионатының финалдық кезеңі өтеді.
Сонымен қатар, 2028 жылы «Астана Аренада» УЕФА Суперкубогы үшін матч өтеді.