Қазақстанда «МЮ» – «Рома» арасындағы Чемпиондар лигасы матчының нәтижесіне болжам жасалды
Қазақстандық танымал спорт журналисті әрі комментатор Дидар Есемов УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңі аясындағы алдағы матчқа болжам жасады. Бұл ойында ағылшындық «Манчестер Юнайтед» италиялық «Ромамен» кездеседі, деп хабарлайды Sports24.kz.
««Манчестер Юнайтед» – «Рома» матчында, меніңше, айқын фаворит жоқ. Дегенмен қазір МЮ дағдарысты кезеңді бастан өткеріп жатыр: команда қатарынан тоғыз матчта жеңіске жете алмай келеді. Майкл Каррик Чемпиондар лигасындағы ойыннан кейін қызметінен босатылуы мүмкін. Команданың бұл кездесуге қандай көңіл күймен шығатынын айту қиын.
Ал «Рома» тартымды футбол көрсетіп жүр. А сериясындағы соңғы матчында команда сырт алаңда «Удинезені» жеңді. Чемпиондар лигасында мадридтік «Реалға» қарсы ойында да римдіктер ұзақ уақыт бойы басымдық танытты, жеңіске жетуі мүмкін еді, алайда сәл ғана нәрсе жетіспеді.
Бәрі қалай өрбитінін көре жатармыз, бірақ мен бәрібір тартысты матч болып, ойын 2:2 есебімен тең аяқталады деп болжап отырмын», – деді Дидар Есемов.
Чемпиондар лигасының төртінші турындағы матч 4 қарашаға қараған түні Қазақстан уақытымен 01:00-де Манчестерде өтеді.
«Рома» үш ойыннан кейін 4 ұпай жинап, турнир кестесінде 15-орында тұр. Бірінші турда римдіктер сырт алаңда түркиялық «Фенербахчемен» тең түсті (1:1), кейін өз алаңында мадридтік «Реалға» камбэк жасауға мүмкіндік беріп, жеңіліп қалды (3:4), ал соңғы матчында өз алаңында братиславалық «Слованды» ойсырата жеңді (4:0).
Ал манкуниандықтар 3 ұпаймен 20-орында келеді. Бірінші турда өз алаңында әзербайжандық «Сабахты» ірі есеппен жеңді (4:0), алайда кейін сырт алаңда мадридтік «Атлетикоға» (0:2) және италиялық «Комоға» (1:4) есе жіберді.