«Жігіттер үлкен мінез көрсетті». Самат Смақов «Ақтөбеге» қарсы жеңіс жайлы
«Жетісу» футбол клубының бас бапкері Самат Смақов КПЛ-дің 10-турында «Ақтөбені» 2:1 есебімен жеңіп, маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізгеннен кейін ойын туралы пікір білдірді.
««Жетісу» жанкүйерлерін жеңіспен шын жүректен құттықтағым келеді. Маусым бойы бізге қолдау көрсетіп жүрген барлық жандарға алғыс айтамын. Бүгін жігіттер үлкен мінез көрсетті. Иә, шеберлік жетіспеуі мүмкін - өйткені «Ақтөбе» ойыншыларының деңгейі жоғары, ондай қарсыласқа қарсы ойнау оңай емес. Бірақ футболшылар тапсырманы толық орындап шықты, және мен бүгінгі ауыр еңбегі үшін оларға өте ризамын. Алға жылжи береміз. Бұл - алғашқы жеңіс, алғашқы үйдегі үш ұпай. Бірақ тоқтап қалуға болмайды. Бүгін қуанамыз, ал ертең ұмытып, келесі матчқа дайындықты бастау керек», - деді Смақов.
Бұл жеңістің арқасында «Жетісу» турнирлік кестеде 11-орынға көтеріліп, 8 ұпай жинады. Келесі турда талдықорғандықтар сырт алаңда «Қайсарға» қарсы ойнайды.