locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Жасырынып жатқан жолбарыс: Азия құрамаларының әлем чемпионаттарындағы бес үздік өнері

Әр жылдары Азия құрамалары да әлемді таңғалдыруға қауқарлы екенін дәлелдеді
Жасырынып жатқан жолбарыс: Азия құрамаларының әлем чемпионаттарындағы бес үздік өнері
Жасырынып жатқан жолбарыс: Азия құрамаларының әлем чемпионаттарындағы бес үздік өнері

Азия құрамалары әлем чемпионаттарының кейінгі кезеңдеріне жиі жете бермейді, алайда AFC командаларының жекелеген өнерлері мундиальдар тарихында мәңгілікке қалды. Оңтүстік Корея жартылай финалға дейін жетсе, КХДР Италияны сенсациялық түрде жеңді, Жапония әлем чемпиондарын тізе бүктірді, ал Сауд Арабиясы дебюттік турнирінде-ақ плей-оффқа шықты.

Бүгін Sports24.kz редакциясымен бірге Азия құрамаларының әлем чемпионаттарындағы ең үздік өнерлерін еске аламыз.

Жапония – 2010 жылғы әлем чемпионаты

Нәтиже: 1/8 финал
Статистика: 4 матч, 2 жеңіс, 1 тең, 1 жеңіліс, доп айырмашылығы 4:2
Негізгі нәтижелер: Камерун 1:0, Нидерланды 0:1, Дания 3:1, Парагвай 0:0, пенальтиде жеңіліс.

Жапонияның 2010 жылғы әлем чемпионатындағы өнері 2022 жылғы жарқын турнирдің көлеңкесінде қалып қояды. Дегенмен, сол жылы жапондар алғаш рет өз алаңынан тыс жерде тұрақтылық пен сенімді ойын көрсетті.

Такэси Окада баптаған команда Нидерланды, Дания және Камерунмен бір топта ойнады. Жапондар Камерунды жеңіп, болашақ финалист Нидерландымен лайықты күрес жүргізді, ал шешуші кездесуде Данияны 3:1 есебімен ойсырата ұтты.

1/8 финалда Жапония Парагваймен 0:0 тең ойнап, тек пенальти сериясында жол берді. Бүкіл турнир барысында команда небәрі екі доп жіберіп алды, бұл оның ұйымшылдығы мен тактикалық тәртібін көрсетеді.

Сауд Арабиясы – 1994 жылғы әлем чемпионаты

Нәтиже: 1/8 финал
Статистика: 4 матч, 2 жеңіс, 0 тең, 2 жеңіліс, доп айырмашылығы 5:6
Негізгі нәтижелер: Нидерланды 1:2, Марокко 2:1, Бельгия 1:0, Швеция 1:3.

Сауд Арабиясы үшін 1994 жылғы әлем чемпионаты тарихи болды. Команда алғаш рет мундиальға қатысып, бірден топтан шығып, Бельгия мен Марокконы артта қалдырды.

Турнирдің басты символына Саид Әл-Овайран айналды. Оның Бельгия қақпасына алаңның жартысын жеке еңсеріп соққан голы әлем чемпионаттары тарихындағы ең әдемі голдардың бірі болып саналады.

1/8 финалда Сауд Арабиясы Швецияға 1:3 есебімен есе жіберді. Дегенмен, бұл турнир әлі күнге дейін араб футболының ең ірі табыстарының бірі және Сауд Арабиясы тарихындағы үздік нәтиже болып қала береді.

Жапония – 2022 жылғы әлем чемпионаты

Нәтиже: 1/8 финал
Статистика: 4 матч, 2 жеңіс, 1 тең, 1 жеңіліс, доп айырмашылығы 5:4
Негізгі нәтижелер: Германия 2:1, Коста-Рика 0:1, Испания 2:1, Хорватия 1:1, пенальтиде жеңіліс.

2022 жылғы әлем чемпионатында Жапония Азия футболының енді тек тәртіппен емес, тактикалық кемелділікпен де топ құрамалармен бәсекелесе алатынын дәлелдеді.

Хадзимэ Мориясу баптаған команда Германия және Испаниямен бір топқа түсіп, плей-оффқа топ басшысы болып шықты. Екі бұрынғы әлем чемпиондарын жеңуі Катардағы турнирдің басты сенсацияларының бірі болды.

1/8 финалда жапондар тарихи ширек финалға бір қадам жетпей тоқтады. Хорватиямен негізгі уақыт 1:1 есебімен аяқталып, пенальти сериясында болашақ қола жүлдегерлер мықтырақ болды. Турнирден шығып қалса да, Жапония-2022 әлем чемпионатындағы ең жарқын әсер қалдырған құрамалардың бірі болды.

КХДР – 1966 жылғы әлем чемпионаты

Нәтиже: ширек финал
Статистика: 4 матч, 1 жеңіс, 1 тең, 2 жеңіліс, доп айырмашылығы 5:9
Негізгі нәтижелер: КСРО 0:3, Чили 1:1, Италия 1:0, Португалия 3:5.

КХДР құрамасы әлем чемпионатында өзін нағыз сенсация ретінде таныстырған алғашқы азиялық команда болды. 1966 жылғы турнирдің басты оқиғасы — Италияны 1:0 есебімен ұту.

Бұл нәтиже футбол тарихындағы ең үлкен тосын жайттардың бірі. Италия айқын фаворит саналды, бірақ КХДР-ден жеңілген соң топтық кезеңде-ақ жарыстан шығып қалды.

Ширек финалда азиялық команда тағы бір ғажайыпқа жақын болды. КХДР Португалиядан 3:0 есебімен алға шықты, бірақ Эйсебио бастаған португалдар камбэк жасап, 5:3 есебімен жеңді. Қайтадан жеңіліске қарамастан, КХДР-1966 өнері әлем чемпионаттарындағы үлкен сенсациялардың символы саналады.

Оңтүстік Корея – 2002 жылғы әлем чемпионаты

Нәтиже: 4-орын
Статистика: 7 матч, 3 жеңіс, 2 тең, 2 жеңіліс, доп айырмашылығы 8:6
Негізгі нәтижелер: Польша 2:0, Португалия 1:0, Италия 2:1, Испания 0:0, пенальтиде жеңіс, Германия 0:1, Түркия 2:3.

Азия құрамалары тарихындағы ең үздік нәтиже — 2002 жылы тіркелді. Жапониямен бірге турнирді қабылдаған Оңтүстік Корея Гус Хиддинк басшылығымен нағыз сенсацияға айналды.

Кореялықтар топтық кезеңнен Польша мен Португалияны жеңіп өтті. Кейін 1/8 финалда Италияны, ширек финалда Испанияны жеңді де, Азия футболы тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алды.

Иә, сол турнирде әсіресе Италия мен Испанияға қарсы матчтарда төрешілердің шешімдері әлі күнге дейін талқыланады. Соған қарамастан, Оңтүстік Кореяның жетістігі — тарихи оқиға: бұл межеге Азияның ешбір құрамасы әлі күнге дейін жеткен жоқ.

Қазір Америка Құрама Штаттары, Мексика және Канадада әлем чемпионаты өтіп жатыр, және Азия құрамалары Оңтүстік Корея-2002 мен КХДР-1966 жетістігіне жақындай түсу үшін тағы бір мүмкіндік алды.

Спорт — бір шертуде!
Біздің қауымдастықтарға жазылыңыздар да, спорттық оқиғалардан хабардар болыңыздар!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie