Виталий Жуковский: Мұндай дәлсіздікпен жасанды алаңда да ойнау мүмкін емес


«Тұран» футбол клубының бас бапкері Виталий Жуковский Премьер-лиганың 9-турындағы «Қайсарға» қарсы өткен матчтан кейін (0:1) өз пікірін білдірді, деп хабарлады клубтың баспасөз қызметі.
«Жеңілу әрдайым жағымсыз, әсіресе ойын тең дәрежеде өткенде өкінішті болады. Апта ортасында екі команда да ойын өткізгенін ескерсек, кейбір футболшылар толық қалпына келе алмады. Бізде жарақат алған ойыншылар болды, сол себепті тактикалық жүйені сәл өзгертуге тура келді. Дегенмен жалпы құрылымдық жағынан қарасақ, маған ұнады – жігіттер тапсырманы жақсы түсінді», - деді Жуковский.
Сонымен қатар, ол ойын сапасына алаң жабынының әсер еткенін атап өтті:
«Табиғи алаңнан жасанды алаңға ауысу ойын сапасына кері әсер етті. Пас беру кезінде қателіктер өте көп болды. Егер бұл ойынды ресейлік сарапшы Бубнов талдаған болса, ол, сірә, бәріне «бірлік» қояр еді. Мұндай дәлсіздікпен тіпті жасанды алаңда да ойнау мүмкін емес. Алаң сапасы да, әрине, ең үздігі емес», - деп қосты бас бапкер.
Айта кетейік, тоғыз турдан кейін «Тұран» турнир кестесінде 11 ұпаймен тоғызыншы орында тұр. Команда келесі ойынын 25 мамыр күні КПЛ-дың 10-туры аясында өткізеді.
