«Тұран» жаңа ойын іздеуде: Бөрібаев «Ақтөбеден» жеңілісті түсіндірді
«Тұран» футбол клубының бас жаттықтырушысы Абдухалык Бөрібаев Қазақстан Премьер-лигасының 14-турында «Ақтөбеден» (0:3) болған жеңілістен кейін пікір білдірді.
Оның айтуынша, команда әлі құрылу үстінде және оған уақыт қажет.
– «Бұл біз үшін оңай матч болмады. Біз алаңға бірнеше күн ішінде жасақталған жаңа құраммен шықтық. Кейбір ойыншылар тек кеше ғана келіп, командаға қосылды. Клубтағы соңғы кадрлық өзгерістер бәріңізге белгілі. Қазір құрамды жаңарту процесі жүріп жатыр. Жақын арада жаңа ойыншылар келіп қосылады деп күтеміз. Басшылық бізге қазақстандық футболшыларға сенім артып, команда солардың айналасында құрылуы керек деген міндет жүктеді. Бұл – үлкен жауапкершілік, бірақ біз осы бағытта жұмыс істеуге дайынбыз, – деді Бөрібаев.
Айта кетейік, Абдухалық Бөрібаев «Тұранның» бас бапкері қызметіне 25 маусым күні тағайындалған болатын – «Ақтөбемен» өткен матчқа санаулы күндер қалғанда.
Ойынның өзі қонақтардың айқын жеңісімен аяқталды – «Ақтөбе» үш жауапсыз гол соғып, үш ұпайды еншіледі. Бұл жеңістің арқасында олар 29 ұпай жинап, турнирлік кестеде үшінші орынға көтерілді. Ал 11 ұпайы бар «Туран» 13-орынға түсіп, құлдырау аймағында қалды.