«Тобыл» «Партизаннан» өтсе, ЛК-дегі жолы анықталды
3 тамызда Конференциялар лигасының плей-офф кезеңіне іріктеу жеребесі тартылды. Бұл кезеңде сербиялық «Партизанмен» бірге қостанайлық «Тобыл» да өз жолын білді. Қазақстан Кубогының иегерінің еурокубоктардағы ықтимал келесі қарсыластары белгілі болды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Егер Мирослав Ромащенконың шәкірттері Белградтың алып клубын тізе бүктірсе, Конференциялар лигасының плей-офф раундында испаниялық «Хетафемен» жолығады. Алғашқы матч 20 тамызда өтсе, қарымта ойын тура бір аптадан соң, 27 тамызда өтеді. Бірінші кездесу Испанияда ұйымдастырылады.
Айта кетейік, екінші іріктеу кезеңінде «Тобыл» литвалық «Паневежис» командасын пенальти сериясында ұтып, турнирден шығарған болатын. Үшінші іріктеу кезеңіндегі «Тобыл» мен «Партизан» арасындағы матчтар 6 және 13 тамызда өтеді. Алғашқы ойын Сербияда, ал жауапты кездесу Қостанайда өтеді.
Бұған дейін еурокубоктың плей-офф кезеңіндегі ықтимал қарсыластарын «Қайрат» та білген: егер «Левскиден» басым түссе — Чемпиондар лигасында грек АЕК-мен, ал жеңілсе — Еуропа лигасында ПАОК — «Андерлехт» жұбының жеңімпазымен кездеседі.
