Тарихи дебют: Мбаппе «Реалдағы» алғашқы маусымында Пичичи мен «Алтын бутсаны» жеңіп алды
25-нен 26 мамырға қараған түнде 2024/25 жылғы Ла Лига маусымы ресми түрде аяқталды. Чемпионат қорытындысы бойынша мадридтік «Реалдың» шабуылшысы Килиан Мбаппе Примераның үздік сұрмергені атанып, «Пичичи» жүлдесін иеленді. Француз форвард турнирде 31 гол соқты, оның ішінде 7 голы пенальтиден жүзеге асты.
Мбаппеге басты бәсекелес болған Роберт Левандовски («Барселона») соңғы турда дубль жасады, бірақ оған қарамастан Килианнан төрт голға артта қалды (27 гол).
2024/25 жылғы маусым қорытындысы бойынша Ла Лиганың үздік 5 сұрмергендері:
1. Килиан Мбаппе («Реал Мадрид») - 31 гол (7 пенальти)
2. Роберт Левандовски («Барселона») - 27 гол (3 пенальти)
3. Анте Будимир («Осасуна») - 21 гол (8 пенальти)
4. Александр Серлот («Атлетико») - 20 гол (1 пенальти)
5. Айосе Перес («Вильярреал») - 19 гол (пенальти жоқ)
Бұл маусым Мбаппе үшін Ла Лигадағы дебютті жыл болды, және ол бірден тарихқа енді:
– «Реал» сапында бірінші маусымда 30-дан астам гол соққан алғашқы футболшы
– Ла Лига тарихында дебюттік маусымда ең көп гол соққан футболшылар тізімінде үшінші орын:
1. Роналдо — 34 гол (1996/97, «Барселона»)
2. Пруден — 33 гол (1940/41, «Атлетико Авиасьон»)
3. Килиан Мбаппе — 31 гол (2024/25, «Реал Мадрид»)
Жалпы алғанда, 2024/25 жылғы маусымда Мбаппе барлық турнирлерде 54 матч өткізіп, 42 гол соқты және 5 нәтижелі пас берді.
Сондай-ақ, ол Еуропаның «Алтын бутсасын» жеңіп алған «Реал» ойыншылары арасындағы Криштиану Роналдудан кейінгі алғашқы футболшы атанды. Айта кетейік, Роналду бұл жетістікке соңғы рет 2014/15 жылғы маусымда жеткен еді (48 гол).