Килиан Мбаппе «Реалдағы» алғашқы маусымында Еуропаның «Алтын бутсасын» жеңіп алды
Мадридтік «Реалдың» шабуылшысы Килиан Мбаппе 2024/25 маусымының қорытындысы бойынша Еуропаның «Алтын бутса» иегері атанды. Бұл - француз ойыншысы үшін «корольдік клубтағы» алғашқы маусым және бірден тарихи жетістікпен ерекшеленді.
Мбаппе Испания чемпионатында 31 гол соғып, Ла Лиганың үздік сұрмергені - Пичичи атағын жеңіп алды. Жалпы, барлық турнирлерде 55 ойын өткізіп, 43 гол және 5 нәтижелі пас беріп, 48 тиімді әрекетпен маусымды аяқтады.
Еуропалық «Алтын бутса» марапаты арнайы жүйемен есептеледі: топ-лигаларда соғылған әр гол 2 ұпаймен бағаланады. Осылайша, Мбаппенің нәтижесі 62 ұпай болды (31 × 2.0) - бұл оны Еуропаның басты сұрмергені етті.
Екінші орынға португалиялық «Спортинг» шабуылшысы Виктор Дьекереш орналасты - оның еншісінде 39 гол және 58,5 ұпай (коэффициент 1.5). Үздік үштікті «Ливерпуль» ойыншысы Мохамед Салах түйіндеді - 29 гол, 58 ұпай.
Осылайша, Мбаппе «Реал» сапында Криштиану Роналдудан кейін Еуропа «Алтын бутсасын» жеңіп алған алғашқы футболшы атанды. Айта кетейік, Роналду бұл марапатты 2014/15 жылғы маусымда 48 голмен иеленген болатын.