Сатпаев командасының сәтсіз бастауының себептері аталды
Англиялық «Бернли» клубының бас бапкері Ники Хайен команданың Чемпионшиптегі жаңа маусымды сәтсіз бастауына түсініктеме берді. Бельгиялық маманның айтуынша, нәтижелерге құрамдағы өзгерістер, трансферлердің кеш жүзеге асуы және толыққанды дайындыққа уақыттың жетіспеуі әсер еткен, деп хабарлайды Sports24.kz Burnley Express басылымына сілтеме жасап.
Ники Хайен «Бернли» үшін маусымның ауыр басталғаны туралы пікір білдірді. Ағылшын клубы әзірге Чемпионшиптегі дағдарыстан шыға алмай келеді. Науқан басталғалы бері команда бірде-бір жеңіске жеткен жоқ және турнир кестесінде соңғы, 24-орында тұр. Бас бапкердің айтуынша, бұған себептердің бірі — құрамдағы өзгерістердің көп болуы.
Жаңа ойыншылар кеш қосылды
Хайен команданың маусым алдындағы дайындықты бір құраммен бастағанын, алайда кейін клубқа көптеген жаңа ойыншы келгенін атап өтті. Кейбір футболшылар ұзақ уақыт бойы ойын тәжірибесінен айырылып, маусымға толыққанды дайындықтан өтпеген. Бапкердің пікірінше, бұл жағдай команданың физикалық және ойын дайындығына айтарлықтай әсер еткен.
«Біріншіден, маусым алдындағы дайындықты өткізген кезде бізбен бірге басқа футболшылар көп болды, кейін көптеген жаңа ойыншы келді. 15 ай немесе екі жыл бойы ойнамаған, маусым алдындағы толыққанды дайындықтан өтпегендер де болды. Тіпті Джейми Варди бізбен бірге бір апта ғана жаттықты. Бұл да біздің қазіргі шындығымыздың бір бөлігі», — деді Хайен.
Тығыз кесте жұмысқа кедергі келтірді
«Бернлидің» бас бапкері күнтізбеге де шағымданды. Оның айтуынша, маусым 16 тамызда басталғаннан кейін командада толыққанды жаттығулар өткізуге уақыт болған жоқ. Әсіресе апта ортасындағы матчтар жағдайды қиындата түскен.
«Аптасына бір рет ойнаған әлдеқайда оңай болар еді. Алайда біз бірден апта ортасындағы матчтары бар кестеге түстік, сондықтан жігіттермен толыққанды жаттығу өткізуге уақытымыз болған жоқ», — деді маман.
Команданы қайта құруға тура келді
Хайен АҚШ-тағы маусым алдындағы оқу-жаттығу жиыны кезінде бапкерлер штабы бір топ футболшымен ойын қағидаларын пысықтағанын атап өтті. Алайда кейін құрам өзгеріп, қорғаныс шебі түгелге жуық жаңарды. Осыған байланысты «Бернли» жұмысын іс жүзінде қайта бастауға мәжбүр болды.
«АҚШ-та бір топ ойыншымен ойын қағидаларын пысықтадық, кейін қорғаныс шебіміз түгелге жуық жаңарды. Сондықтан бәрін қайтадан бастауға тура келді», — деп қосты бапкер.
Сәтсіз басталғанына қарамастан, Хайен «Бернли» көбірек ұпай жинай алатын еді деп есептейді. Оның айтуынша, команда «Бристоль Сити» мен «Дербиге» қарсы матчтарда жеңіске жете алатынына сенген. Сондай-ақ бапкер «Мидлсброға» қарсы кездесудің екінші таймында өз командасының қарсыласынан басым түскенін атап өтті.
«Бізде тағы төрт-бес ұпай көбірек болуы мүмкін еді, бірақ шындық басқаша. Соңғы бірнеше аптада халықаралық үзіліс барлығын бабына келтіру, негізгі мәселелермен жұмыс істеу және күшею үшін қажет екенін ашық айтып жүрдім», — деді Хайен.
Еске салайық, 18 жастағы қазақстандық шабуылшы Дастан Сатпаев «Бернли» сапында жалға алу құқығымен ойнайды. 2026 жылдың жазында ол лондондық «Челсимен» 2033 жылға дейін ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойды. Кейін «бордолылар» оны осы маусымның соңына дейін жалға алды. Сатпаев «Бернли» сапында Чемпионшипте үш матч және Англия лигасы кубогында бір кездесу өткізді.
Қыркүйекте «Мидлсброға» қарсы өткен матч 1:1 есебімен аяқталып, онда Дастан Сатпаев санның артқы бұлшықетінен жарақат алды. Осы жарақатына байланысты қазақстандық шабуылшы уақытша қалпына келу және оңалту жұмыстарын жүргізу үшін Кобхэмдегі «Челси» базасына оралды. Ұлттық құрамалар матчтарына байланысты үзіліс Сатпаевқа да, «Бернлиге» де маусымның қалған бөлігіне жақсырақ дайындалуға көмектесуі мүмкін.