Роналдудың ұлттық құрама сапындағы соңғы матчы қашан өтетіні белгілі болды
Португалия құрамасының әлем чемпионатынан шығып қалуынан кейін Криштиану Роналдудың болашағына қатысты әңгіме қайта қыза түсті. Енді 41 жастағы шабуылшының халықаралық мансабын жақын арада аяқтауы мүмкін екені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бұл туралы португалиялық журналист әрі инсайдер Мохаммед Авад мәлімдеді. Оның айтуынша, ол бұл мәліметті Португалиядағы футбол агенттерінің бірімен әңгімелесу барысында алған. Дереккөздің сөзінше, Роналду ұлттық құрама сапында енді небәрі бір ресми матч қана өткізуді жоспарлап отыр.
Егер бұл жоспар өзгермесе, Португалия капитаны үшін қоштасу кездесуі 24 қыркүйекте өтетін Уэльске қарсы УЕФА Ұлттар лигасының матчы болмақ. Бұл ойынның Лиссабондағы «Жозе Алваладе» стадионында өтуі де ерекше мәнге ие. Себебі дәл осы аренада Роналдудың кәсіби футболдағы үлкен жолы басталған.
АҚШ, Канада және Мексикада өткен 2026 жылғы әлем чемпионаты Роналду үшін мансабындағы ең басты арманын орындауға берілген соңғы мүмкіндік еді. Алайда Португалия құрамасы жарысты 1/8 финалда аяқтап, Испаниядан 0:1 есебімен жеңілді. Турнир барысында тәжірибелі шабуылшы үш голдың авторы атанды.
Осылайша, Роналду әлем чемпионы атану мақсатына жете алмады. Португалия құрамасының әлем чемпионаттарындағы ең жоғары нәтижесі әлі күнге дейін 2006 жылғы төртінші орын болып қала береді. Сол турнирде Роналду ұлттық құраманың жаңа көшбасшысы ретінде таныла бастаған еді.
Әлем чемпионаттарындағы мансабында ол 27 матчқа қатысып, 11 гол соқты және екі нәтижелі пас берді.
Ұлттық құрамадағы мансабын аяқтауы мүмкін болғанымен, Роналдуның футбол тарихындағы орны өзгермейді. Ол Португалия құрамасы сапында өткізген 233 матчта 146 гол соғып, ерлер арасындағы халықаралық футбол тарихындағы ең үздік бомбардир ретінде рекордты әлі күнге дейін өз иелігінде ұстап тұр.