«Рақмет саған, Лука». Роналду Модрике алғысын жеткізді
22 мамыр күні хорватиялық жартылай қорғаушы Лука Модрич маусым соңында мадридтік «Реалдан» ресми түрде кететінін жариялады. Осылайша, клуб тарихындағы ең жарқын дәуірлердің бірі аяқталғалы тұр - Модрич 2012 жылдан бері «корольдік» клубтың негізгі тіректерінің біріне айналған еді.
Онымен бірге алты жыл бойы (2012–2018) «Реалда» ойнаған Криштиану Роналду өзінің бұрынғы серіктесіне жүрекжарды сөз арнады:
«Рақмет саған, Лука. Сенімен бірге ойнау – мен үшін үлкен мәртебе. Алда не күтіп тұрса да, сәттілік тілеймін», – деп жазды Роналду әлеуметтік желіде.
Модрич мадридтік клуб сапында 590 матч өткізіп, 43 гол соғып, 95 нәтижелі пас берді. 12 жыл ішінде хорват шебері «Реал» құрамында сансыз жүлдені еншіледі.
39 жастағы Модрич «Реалдың» тарихындағы ең сыйлы әрі атақты футболшылардың бірі ретінде қоштасқалы отыр. Алда - оның ақ жейдедегі соңғы парағы: жазда АҚШ-та өтетін Клубтық әлем чемпионатына қатысу.
