Он адам жеткілікті болды. Мадридтік «Реал» клубтық әлем чемпионатында бірінші жеңіске қол жеткізді
Маусымның 22-нен 23-не қараған түні клубтар арасындағы әлем чемпионатының Н тобындағы мадридтік «Реал» мен «Пачука» арасындағы екінші тур ойыны өтті.
- Матчтың барлық ең қызықты сәттерін Sports24.kz Telegram-арнасында live режимде көруге болады!
Матч «Реал» үшін жағымсыз жаңалықпен басталды – «бланкос» жетінші минутта бір ойыншысынан айырылды. Қорғаушы Рауль Асенсио соңғы фол үшін тікелей қызыл қағаз алды. Бірақ бұл ойыншылардың рухын бұзбады, әсіресе 10 сейв жасаған қақпашы Тибо Куртуаға қосымша күш берді. Ал шабуылдаушы ойыншылар үш дәл соққыны үш голға айналдырды. «Пачука» матч соңында бір ғана гол соға алды.
10 адаммен 80 минуттан астам ойнағанына қарамастан, «Реал» турнирдегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Команданың келесі ойыны 27 маусым күні таңертең «Зальцбургке» қарсы өтеді. «Пачука» топтың соңғы ойынында Сауд Арабиясының «Әл-Хиляль» командасымен ойнайды.
Клубтар арасындағы әлем чемпионаты. Н тобы. 2-тур. 23 маусым
«Реал» Мадрид (Испания) - «Пачука» (Мексика) - 3:1
Голдар: Беллингем, 35, Гюлер, 43, Вальверде, 70 - Монтиэль, 80.
Қызыл қағаз: Асенсио, 7 (мадридтік «Реал»).
