Хаби Алонсо растады: Мбаппе «Пачукаға» қарсы ойында «Реалға» көмектесе алмайды
Мадридтік «Реалдың» шабуылшысы Килиан Мбаппе клубтар арасындағы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі екінші матчта да алаңға шықпайды. «Пачукаға» қарсы ойын 22 маусымнан 23-іне қараған түні Шарлотт қаласында өтеді. Кездесу Астана уақытымен 00:00-де басталады.
26 жастағы форвард қазіргі таңда өткір гастроэнтериттен кейінгі қалпына келу кезеңінде. Осы сырқатына байланысты Мбаппе бұған дейін де «Әл-Хиләлға» (1:1) қарсы алғашқы турда командасына көмектесе алмады. Қазіргі таңда футболшы ауруханадан шыққанымен, қонақүйде қалып, толық жаттығуға кірісе алмай отыр.
«Реалдың» бас бапкері Хаби Алонсо оның алдағы матчқа қатыспайтынын растады. Сонымен қатар, Мбаппенің тезірек қалпына келуіне үміт артатынын айтты:
«Мбаппе қазір қайтадан қонақүйде. Ол ауруханадан шықты, енді жағдайын бақылап отырамыз. Ертең алаңға шықпайтыны анық, бірақ келесі матчта көмектеседі деп үміттенеміз», – деді Хаби.
Топтық кезеңдегі соңғы ойында Мбаппенің алаңға оралу мүмкіндігі бар. «Реал» бұл матчты 27 маусым күні «Ред Булл Зальцбургке» қарсы өткізеді. Ойын Астана уақытымен 06:00-де басталады.