locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Неймар Винисиустың бұрынғы сүйіктісімен жұбайына опасыздық жасады деген күдікке ілінді: жабық кеште не болды

Бразилиялық БАҚ футболшы мен Виржиния Фонсеканың жақындасқаны туралы ақпарат таратты
Футбол
Неймар Винисиустың бұрынғы сүйіктісімен жұбайына опасыздық жасады деген күдікке ілінді: жабық кеште не болды
ФОТО: Getty images

Бразилиялық «Сантос» клубының шабуылшысы Неймар жұбайы Бруна Бьянкардиге опасыздық жасауы мүмкін деген ақпараттан кейін үлкен даудың ортасында қалды. Metrópoles басылымының мәліметінше, 34 жастағы футболшы мадридтік «Реалдың» шабуылшысы Винисиус Жуниормен бұрын кездескен танымал блогер Виржиния Фонсекамен сүйіскен болуы мүмкін, деп хабарлайды Sports24.kz.

Бұл ақпаратты 15 қарашада бразилиялық журналист Фабия Оливейра жариялады. Оның дереккөздерінің айтуынша, оқиға 6 қарашада, «Формула-1» бойынша Бразилия Гран-приінің қарсаңында Сан-Паулуда өткен жеке кеште болған.

Іс-шара покер клубының жабық бөлігінде ұйымдастырылып, қонақтардың ұялы телефон пайдалануына шектеу қойылған. Шақырылғандардың арасында Неймар мен 27 жастағы Виржиния Фонсека да болды.

Куәгерлердің сөзінше, футболшы мен блогер бір-біріне жақындығын айналасындағылардан жасырмаған. Тіпті бір сәтте Виржиния диванда отырған Неймардың тізесіне отырып, билеген көрінеді. Басылым дереккөздері екеуінің алкогольдік ішімдік ішкенін де алға тартты. Сондай-ақ шабуылшы кеш барысында Фонсеканы достары мен жанкүйерлеріне таныс «Вивибора» деген лақап атымен әзілдеп атаған.

Metrópoles мәліметінше, сол кеште екеуі сүйіскен. Алайда бұл ақпарат әзірге тек дереккөздердің әңгімесіне негізделген. Болжамды опасыздықты растайтын тәуелсіз дәлелдер ұсынылған жоқ.

Бұл оқиға неліктен үлкен дау тудырды?

Жарияланымның көпшіліктің назарын аударуына Неймардың жеке өмірі себеп болды. Бразилиялық футболшы Бруна Бьянкардимен некеде тұрады. Қазір оның жұбайы екеуінің үшінші ортақ сәбиін күтіп жүр.

Оның үстіне Бьянкарди мен Фонсеканың арасында бұған дейін де келіспеушілік болған.

Блогер бір кездері Неймарға түнгі сағат екі шамасында хабарласқанын айтқан еді. Оның түсіндіруінше, қоңырау футболшының қайырымдылық қорына қарасты аукцион мәселелерін талқылау үшін жасалған. Алайда мұндай уақытта хабарласуы Брунаның наразылығын тудырып, ол Виржинияның әрекетін көпшілік алдында сынаған.

Сондықтан футболшы мен Фонсеканың жақындасқаны туралы жаңа ақпарат Бразилияның әлеуметтік желілерінде қызу талқылана бастады.

Сыбыс тарағаннан кейін Виржиния Фонсеканың өкілдері ресми мәлімдеме жасады. Блогердің командасы екеуінің сүйіскені туралы ақпаратты үзілді-кесілді жоққа шығарып, жарияланған мәліметтерді шындыққа жанаспайды деп атады.

Кейін Неймардың өзі де үнсіз қалмады. «Сантос» шабуылшысы Instagram желісінде оқырмандарына үндеу жасап, жеке өміріне қатысты әңгімелердің шектен шыққанын мәлімдеді.

«Әдетте мұндай мәселелер туралы Instagram стористерімде жазбаймын. Бірақ бұл жолы шектен шықты. Менің басқа адаммен қарым-қатынасым бар деген ақпарат тарап жатыр. Мен мұны жоққа шығарамын», — деп жазды футболшы.

Бразилиялық ойыншының айтуынша, оның өкілдері бұған дейін-ақ ресми түсініктеме берген. Дегенмен жағдайдың кеңінен талқылануына байланысты Неймардың өзі де пікір білдіруге мәжбүр болған.

Сөз соңында шабуылшы жұртшылықты шынайы деректерден гөрі танымал адамдардың төңірегіндегі даулы әңгімелер көбірек қызықтыратынына қынжылыс білдірді. Сондай-ақ өзін мазаламай, покер ойнауына мүмкіндік беруді сұрады.

Бір қызығы, Виржиния Фонсека мадридтік «Реалдың» шабуылшысы Винисиус Жуниормен жақында ғана айырылысқан. Екеуі 2025 жылдың қазан айында қарым-қатынасын ресми түрде жариялаған болатын. Алайда 2026 жылдың мамырында алғаш рет екі жаққа кетті. Жазда қайта табысқанымен, бұл жолы да қарым-қатынастарын сақтап қала алмады. 11 қазанда блогердің өкілдері Виржиния мен Винисиустың біржола айырылысқанын растады. Олар екі жастың ешқандай жанжалсыз, өзара түсіністікпен ажырасқанын атап өтті. Осылайша, Фонсеканың Неймармен жақындасқаны туралы сыбыс Винисиуспен қарым-қатынасы аяқталғанына бір ай да толмай жатып тарады.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie