Неймар Сантосқа ауысады: бразилиялық шабуылшы Әл-Хиләлмен келісімшартты ресми түрде бұзды
32 жастағы жұлдызды бразилиялық шабуылшы Неймар туған клубы “Сантосқа” оралады.
Саудиялық “Әл-Хиләл” клубы бразилиялық футболшымен келісімшартты екі жақтың өзара келісімі бойынша дереу күшіне енетіндей етіп бұзды.
“Рақмет және сәттілік, Неймар”, – деп хабарлады “Әл-Хиләл” клубының баспасөз қызметі.
Танымал форвард енді медициналық тексеруден өтіп, “Сантос” командасының жаңа ойыншысы атануға дайындалып жатыр.
“Сантосқа қайтып ораламыз, Вила-Бельмиродағы үйімізге ораламыз. Ней үйіне қайта оралды”, – деп жазды атақты инсайдер Фабрицио Романо.

Неймардың “Әл-Хиләлмен” келісімшарты 2025 жылдың жазына дейін есептелген болатын. Жұлдызды бразилиялық бұл саудиялық клубқа 2023 жылдың жазында француздық “Пари Сен-Жерменнен” ауысқан еді.
Осы уақыт ішінде Неймар Сауд Арабиясының командасы үшін 7 матчта (493 минут) ойнап, 1 гол соғып, 3 нәтижелі пас берді.