Мохаммед Салах «Трабзонспордың» ойыншысы атанды
Түркияның «Трабзонспор» клубы мысырлық шабуылшы Мохаммед Салахпен келісімшартқа қол қойғанын ресми түрде жариялады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Клуб жаңа ойыншысын әлеуметтік желіде таныстырып, жанкүйерлерге арналған қысқа бейнеролик жариялады.
«Дайынсыздар ма? Мен сіздерді естіп тұрмын. Жақын арада кездескенше. Біз үшін бүкіл әлем – Трабзон», – деді Салах.
Шабуылшы жаңа клубында 61-нөмірмен өнер көрсетеді.
Келісімшарттың ресми шарттары жарияланған жоқ. Алайда түрік БАҚ-тарының мәліметінше, келісім 2028 жылдың жазына дейін жасалған. Осы уақыт ішінде Салах 34 миллион еуро жалақы алады. Сондай-ақ оның есімі жазылған клубтық өнімдердің сатылымынан түсетін табыстың 20 пайызына ие болады.
34 жастағы футболшы 2025/26 жылғы маусым аяқталған соң «Ливерпульден» кетті. Ол ағылшын клубының сапында 2017 жылдан бері өнер көрсетіп, 442 матчта 257 гол соғып, 123 нәтижелі пас берді. Мерсисайдтық клубпен бірге Чемпиондар лигасын, Англия Премьер-лигасын екі рет, Англия кубогын, Англия лигасы кубогын, УЕФА Суперкубогын, клубтар арасындағы әлем чемпионатын және басқа да бірқатар жүлделерді жеңіп алды.
Англияға дейін Салах «Базель», «Челси», «Фиорентина» және «Рома» клубтарының намысын қорғады. Мысыр құрамасы сапында 101 матч өткізіп, 57 гол соғып, 33 нәтижелі пас авторы атанды. Transfermarkt порталы футболшының нарықтық құнын 55 миллион еуро деп бағалайды.
«Трабзонспор» – Түркияның жеті дүркін чемпионы әрі ел кубогын он рет жеңіп алған клуб. Өткен маусымда команда Түркия чемпионатын үшінші орында аяқтады.