«Минус 28, ал төлем - нөл». «Қайрат» – «Олимпиакос» матчының маңайында дау өршіп тұр
9 желтоқсанда өткен «Қайрат» – «Олимпиакос» матчы тек нәтижесімен емес, одан кейінгі даумен де жұрт назарын аударуда. Бұл жолы әңгіме футболшылар туралы емес, трибунадағы қауіпсіздікті қамтамасыз еткен қызметкерлер жөнінде. Грек командасы 1:0 есебімен жеңіс алып кеткен кезде, стюардтар өздеріне уәде етілген еңбекақысыз қалғандарын ашық айтуда.
vastane.kz инстаграм-аккаунты оқиғаның видеосы мен толық мәліметін жариялады. Айтылған деректерге қарағанда, матчқа тартылған қызметкерлер өте ауыр жағдайда жұмыс істеген: ойын басталған сәтте Астанада ауа температурасы –28° шамасында болды. Бірақ ең басты қиындық аяз емес, төлемнің болмауы болғанға ұқсайды.
Стюардтардың сөзінше, оларды жұмысқа қабылдау кезінде ақшаның матч аяқталған соң бірден берілетіні алдын ала айтылған. Алайда финалдық ысқырықтан кейін уәде орындалмапты. Керісінше, қызметкерлерді біраз уақыт сыртта күттіріп, кейін «төлем жеке-жеке аударылады» деген хабар жеткізілген. Бірақ, өздері айтқандай, ешқандай ақша түспеген.
Қазір ұйымдастырушылар тарапынан еш жауап жоқ: хабарламаларға да, қоңырауларға да жауап берілмейді. Жауапты тұлғаларға жолықпақ болған әрекеттері де нәтижесіз қалған.
Айта кетейік, «Қайрат» - «Олимпиакос» кездесуі Чемпиондар лигасы тарихындағы ең суық матч ретінде тіркелді: ресми дерек бойынша Астанадағы ауа температурасы –21°-тан төмен түсті, осылайша жиырма жылдық рекордты жаңартты.