«Мен – жаттықтырушымын, өрт сөндіруші емеспін»: Сергей Ташуев «Ахматтан» кеткенін мәлімдеді
Сергей Ташуев Екатеринбургте «Уралға» қарсы өткен бірінші матчта (1:2) жеңіліске ұшырағаннан кейін, Грозныйдың «Ахмат» клубының бас бапкері қызметінен не себепті кеткенін түсіндірді.
«Клуб менің шешімімді қаншалықты түсінді - нақты айта алмаймын, бәрі тез әрі тосын болды. Менде үлкен жоспарлар бар, жұмыс істеуге, жаңа нәрсе жасауға құлшыныс та жеткілікті. Бірақ тағы да 16-орында тұрған команданы қабылдағым келмейді. Соңғы екі жылда бұл жағдай мені әбден титықтатты - бойымда тек қабық қана қалды. Мен жүйелі, ұзақ мерзімді жобаға қатысқым келеді: ойын құрылымын, тактиканы, стратегияны құрып, соған сай жұмыс істеу - менің бағытым осы. Мен «Ахматты» қиын жағдайдан шығарып, одан әрі бірдеңе құруды армандадым. Өкінішке қарай, бұл жолы болмады», - деді Ташуев «Чемпионат» басылымына берген сұхбатында.
Ташуев «Ахматты» 2024 жылдың қыркүйегінде тізгіндеген еді. 2024/2025 маусымының қорытындысы бойынша команда РПЛ турнир кестесінде 14-орынға тұрақтап, плей-офф матчтарына қатысуға мәжбүр болды.
28 мамырда Екатеринбургтегі жеңілістен кейін Ташуев қызметінен кеткенін ресми түрде жариялады.
Айта кетейік, «Ахмат» сапында Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Максим Самородов өнер көрсетеді. Ол осы маусымда 31 ойынға қатысып, 8 гол соғып, 4 нәтижелі пас берген.