Самородовтың алаңға шығуы «Ахматты» алғашқы плей-офф матчында жеңілістен құтқара алмады
28 мамыр күні Екатеринбургте Ресей Премьер-лигасында қалу үшін өтетін плей-офф кезеңінің алғашқы финалдық кездесуі өтті. «Урал» өз алаңында Грозныйдың «Ахматын» 2:1 есебімен тізе бүктірді.
Есепті 21-минутта «Ахмат» шабуылшысы Мелкадзе ашты. Алайда алаң иелері бұл голға жауапты ұзақ күттірмей, Мартин Секуличтің дәл соққыларымен есепті теңестіріп, кейін жеңісті жұлып әкетті - 50-минутта пенальтиден, ал 59-минутта ойын сәтінен көзге түсті.
Екінші таймда «Ахмат» сапынан қазақстандық шабуылшы Максим Самородов алаңға шықты. Оның қосылуы қонақтардың шабуыл шебін күшейтсе де, есепті теңестіруге мүмкіндік болмады.
РПЛ жолдамасы үшін плей-офф. Финал. Алғашқы матч
«Урал» — «Ахмат» — 2:1
Голдар: Мелкадзе, 21 (0:1), Секулич, 50 (1:1, пен.), 59 (2:1)
Жауапты кездесу 31 мамыр күні Грозныйда өтеді. Қос матчтың қорытындысы бойынша РПЛ-2025/26 маусымына жолдама иегері анықталады.