«Мен үшін бұл – үлкен мақтаныш пен бақыт». «Реалдан» 0:5 есебімен ұтылған соң «Қайрат» қорғаушысы күтпеген мәлімдеме жасады
Алматылық «Қайраттың» қорғаушысы Егор Сорокин Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі екінші тур аясында мадридтік «Реалға» қарсы өткен ойынды қорытындылады. 0:5 есебімен аяқталған кездесуге қарамастан, футболшы Еуропаның басты клубтық турнирінде ойнау – үлкен мәртебе екенін айтты.
«Мен үшін бұл – үлкен мақтаныш пен бақыт. Біз әлемнің ең үздік командаларының бірімен ойнадық. Әрине, оңай болған жоқ, бірақ осындай ойындар бізге тәжірибе береді. Плей-оффқа шығуға сенеміз бе? Біз бар күшімізді салып, барынша көп ұпай жинауға тырысамыз. Алда бізді Премьер-лигада ойындар күтіп тұр, одан кейін Чемпиондар лигасында «Пафоспен» кездесу бар. Екі жеңілістен кейін күш жинап, жанкүйерлерімізге қуаныш сыйлауымыз қажет», – деді Сорокин ТАСС-қа берген сұқбатында.
Еске салайық, 30 қыркүйекте өткен «Реал» – «Қайрат» матчы мадридтіктердің 5:0 есебімен ірі жеңісімен аяқталды.
Сонымен қатар, ішкі біріншілікте «Қайрат» сенімді жүрісін жалғастыруда. 24-турдағы кейінге шегерілген ойында алматылықтар «Жетісуды» 5:0 есебімен тас-талқан етіп, 55 ұпаймен турнир кестесінің көшін қайта бастады. Осылайша, команда ел чемпионы атағына бір қадам жақындай түсті.