Мбаппе — Еуропаның топ-5 лигасында 15 гол соққан екінші ойыншы
Испанияның Ла Лигасының 19-турынан кейінге қалдырылған матчта «Атлетик» Бильбаодағы «Сан-Мамес» стадионында мадридтік «Реалды» қабылдауда.
Тайм соңында командалар үзіліске «бланкос» пайдасына екі доп айырмасымен кетті. Сол голдардың бірін Килиан Мбаппе өз атына жазды.
Франция құрамасының жұлдызды шабуылшысы үшін бұл гол Ла Лигадағы осы маусымдағы 15-ші нәтижелі соққысы болды. Мбаппе биыл Еуропаның үздік бес лигасында 15 гол соққан Эрлинг Холандтан кейінгі екінші ойыншы атанды.
«Атлетик» Бильбао – «Реал» Мадрид матчының тікелей трансляциясы осында қолжетімді.
Командасы қиын кезеңді бастан кешіруде: соңғы турда «корольдіктер» «Жиронамен» (1:1) тең ойнап, бірінші орынды «Барселонаға» беріп қойды. Каталондықтар қазір олардан төрт ұпай алда.
Оған қоса, «бланкос» чемпионатта қатарынан үш матчта жеңіске жете алмады.