Керемет статистика: 16 жасар Сәтпаев - ҚПЛ-дің үздік сұрмергені ретінде көшбастап тұр
«Қайраттың» жас шабуылшысы Дастан Сәтпаев 2025 жылғы маусымды ерекше қарқынмен бастап, қазақ футболының ең үлкен үмітіне айналды. 16 жастағы ойыншы Премьер-лигада 10 матч өткізіп, 7 гол соқты және 2 нәтижелі пас берді.
Сәтпаев алғашқы добын маусымның 1-турында «Астана» қақпасына соқты (1:1). Кейін «Атырау» (18-турдан ауыстырылған ойын) мен «Ұлытауға» (7-тур) қарсы кездесулерде дубль жасап, шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Сонымен қатар, Қазақстан Кубогында да мергендігімен көзге түсті.
Қазір «Қайрат» турнирлік кестеде көш бастап тұр: команда 7 турдан кейін 20 ұпай жинаған. Ал, Сәтпаев ҚПЛ сұрмергендер тізімінде Марин Томасовпен (екеуінде де 6 гол) бірге бірінші орынды бөлісуде.
Айта кетейік, Дастан Сатпаев - Лондонның әйгілі «Челси» клубының ойыншысы. 2025 жылдың ақпанында ағылшын ұжымымен келісімшартқа қол қойған талант 2026 жылы жазында, 18 жасқа толғанда, ресми түрде командаға қосылады. Трансфер құны - 4 миллион еуро. Бұл - Қазақстан Премьер-лигасының тарихындағы рекордтық сома. Келісімшарт 5 жылға есептелген, тағы бір маусымға ұзарту мүмкіндігі бар.