Горовенко «Қайраттан» ірі есеппен жеңілгеннен кейін: Екінші таймда қорғанысымыз мүлде күйреді
«Атырау» футбол клубының бас бапкері Константин Горовенко Алматының «Қайратына» қарсы өткен ойыннан кейін (1:4) командасының ауыр жеңілісі жайлы айтты, деп хабарлады клубтың баспасөз қызметі.
– Бірінші тайм жаман болмады, жігіттер жақсы ойнады, тапсырманы орындауға тырысты, тәртіппен ойнады. Бірақ үзілістен кейін қорғанысымыз мүлде күйреп қалды. Екінші матч қатарынан қақпамызға төрт голдан өткізіп жатырмыз – бұл ешқандай сын көтермейді, – деді маман.
Горовенконың айтуынша, «Қайрат» секілді қарсыласқа қарсы 90 минут бойы барынша жинақы ойнау қажет.
– Екінші голдан кейін үміт болған еді, есепті теңестіруге тырыстық, бірақ үшінші доптан кейін бәрі белгілі болды – ойын тағдыры шешіліп қойды. Қорғаныста түсініксіз қателіктер кетіп жатыр. Тұрақтылық жоқ, осыған жұмыс жасауымыз керек. Алда ұзақ маусым бар, жағдайды ушықтырмас үшін дұрыс шешімдер қабылдау қажет, – деп түйіндеді Горовенко.
Төрт турдан кейін «Атырау» үш ұпай жинап, турнир кестесінде оныншы орында тұр.