Екі матчта он үш гол: «Қайрат» УЕФА Жастар лигасында қарсыласын ойсырата жеңді
Алматылық «Қайрат» U19 УЕФА Жастар лигасы ел чемпиондары жолының бірінші кезеңіндегі қарымта матчта Черногорияның «Младость Донья-Горица» командасын ойсырата жеңді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Алматыда өткен кездесу алаң иелерінің 8:1 есебіндегі жеңісімен аяқталды. Қазақстандық команда сырт алаңда жинаған басымдығын сақтап қана қоймай, тағы да ірі жеңіске жетті.
Алғашқы матчта «Қайрат» қарсыласының қақпасына жауапсыз бес гол соққан еді. Осылайша, екі ойынның қорытындысы бойынша алматылықтар қарсыласын 13:1 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды.
Биылғы жарыста қазақстандық клуб ел чемпиондары жолы бойынша өнер көрсетіп жатыр. Бұл бағыт негізгі құрамдары Чемпиондар лигасында бақ сынайтын қарсыластарымен кездесетін жалпы кезеңнен өзгеше.
Алғашқы кезеңдегі екі матчта «Қайрат» футболшылары өз қақпасына бір ғана гол жіберіп, қарсылас қақпасына он үш гол соқты.