locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Челси» Дастан Сатпаевке «Чарльтонға» қарсы ойнауға рұқсат бермеді

Бұл туралы «Бернли» бас бапкері Никки Хайен мәлімдеді
ФОТО: Getty Images

«Бернли» бас бапкері Никки Хайен командасы матчтың соңғы секундтарында шешуші гол жіберіп алған «Чарльтонмен» болған тең ойыннан кейін көңілі қалғанын білдіріп, Дастан Сатпаевтың не себепті алаңға шықпағанын да айтып берді, деп хабарлайды Sports24.kz.

«Бернли» туралы жазатын журналист Мэтт Скрафтон «Челси» Дастан Сатпаевке «Чарльтонға» қарсы ойнауға рұқсат бермегенін мәлімдеді.

«Никки Хайен жаңа ғана «Челси» Дастан Сатпаевке бүгін кешке ойнауға рұқсат бермегенін хабарлады. Сонымен қатар Зеки Амдуни тобық жарақатына байланысты тағы 4–6 апта алаңға шыға алмайды. Қайғы бір келсе, қосарлана келеді…», - деп жазды Скрафтон.

Burnley Express басылымының хабарлауынша, кездесу 2:2 есебімен аяқталды. «Бернли» жеңіске бір қадам қалғанда сүрінді. Бұл команда үшін чемпионаттағы 360 күн ішіндегі алғашқы үйдегі жеңіс болуы мүмкін еді. Алайда қарсылас матчтағы соңғы соққымен есепті теңестірді.

Хайен шәкірттері үшін бұл басымдықты сақтап, жеңіске жете алмаған қатарынан үшінші үй матчы болды.

«Мұнда барлығының қосындысы бар, бірақ ең алдымен бұл - көңіл қалу. Ашулы көңіл күй ме? Бұлай айтқым келмейді, өйткені 95 минут 40 секунд бойы біз жекпе-жектерге түсіп, допқа таласып, соққыларды бөгеп келдік. Бірақ матч 96 минутқа созылды, әрі бізде бұған дейін «Дербиге» қарсы ойында да осындай жағдай болған. Біз он секундтың ішінде төрт ұпайдан айырылдық», - деді Хайен.

Бапкер жіберіп алған голға әкелген эпизодқа жеке тоқталды. Оның айтуынша, «Бернлидің» бұрыштама жалауының маңында тиімді жағдайы болған, бірақ команда басымдығын дұрыс пайдалана алмады.

«Мен ешкімді кінәламаймын. Бізде тамаша жағдай болды: алаң бұрышында ауттан доп лақтыру, екіге бір артықшылық, сан жағынан басымдық. Мұндай жағдайда аяушылықсыз әрекет ету керек. Талдауға болатын көптеген сәт бар, бірақ осы жағдайдан кейін қарсылас мүлде қауіп төндірмеуі тиіс еді. Бұған дейін айтқанымдай, «Дербиге» қарсы матчта да осындай эпизод болған. Барлығы түсінуі керек: доп бұрыштама жалауының жанында тұрса, ештеңе болмауы керек. Бірақ күтпеген жағдайларға дайын болу қажет. Біз батылырақ әрекет етіп, мұндай сәттерді, әсіресе матч соңында, жақсырақ бақылауымыз керек», - деді маман.

Хайен команда қосымша уақытта жіберіп алған барлық голдарды талдап, болашақта мұндай қателіктерге жол бермеудің жолдарын қарастыратынын қосты. Сонымен бірге бапкер матчтың соңғы секундтарындағы қысымды жаттығуда дәлме-дәл қайталау қиын екенін мойындады.

«Біз мұндай жағдайларды жаттығуда пысықтауға тырысамыз, бірақ оларды дәлме-дәл модельдеу қиын. 11-ге 11 форматында ойын өткізіп, команда матчтың аяқталуына 30 секунд қалғанда 1:0 есебімен алда болсын деген шарт қоюға болады, алайда шынайы матчта бәрі басқаша сезіледі. Біз қосымша уақытта жіберіп алған барлық голдарымызды талдап, мұндай эпизодтарда қалай дұрыс әрекет ету керектігін түсінуіміз қажет», - деп қорытындылады Хайен.

Еске сала кетейік, «Чарльтонға» қарсы ойында Дастан Сатпаев командасына көмектесе алмады - ол матчқа өтінімге енгізілмеді.

Арсен Алиев
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie