ӘЧ-дан кейін кетеді: Португалия футбол федерациясы Мартинеске қатысты мәлімдеме жасады
Португалия футбол федерациясы бас бапкер Роберто Мартинестің ұлттық құрамадағы болашағына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бұған дейін БАҚ-та бапкердің 2026 жылғы әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін, команданың турнирдегі нәтижесіне қарамастан, қызметінен кететіні туралы ақпарат тараған болатын. Бұл туралы журналист Бен Джейкобс өзінің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
«FPF (Португалия футбол федерациясы) мен Роберто Мартинес тек әлем чемпионатына назар аударып отыр. Федерация мен бапкер бұл мәселе бойынша бір пікірде және бұл туралы көпшілік алдында мәлімдеді», – делінген FPF-тің ресми хабарламасында.
Бұған дейін Мартинес «Суонси», «Уиган Атлетик», «Эвертон» және Бельгия құрамасын жаттықтырған.
2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада 11 маусым мен 19 шілде аралығында өтеді.