«Біз шешімін табамыз»: Тухель Англия құрамасына Кейн туралы ескертті
Англия құрамасының бас бапкері Томас Тухель шабуылшы Харри Кейн өз статистикасын жақсартуды жалғастырып жатқан тұста, Англия оның тікелей алмастырушысын ешқашан таба алмайтынын айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Ұлттар лигасының топтық кезеңіндегі Чехияға қарсы матчта (2:0) 32 жастағы Кейн Англия құрамасы сапындағы 87-голын соқты.
«Бавария» шабуылшысына енді ұлттық құрама сапында 100 голдық межеге жеткен алғашқы ойыншы атануға небәрі 13 гол қалды. Оның ұлттық құрама сапында 123 матчы бар.
«Ол — ең жоғары деңгейдегі шабуылшы, шабуылды аяқтаудың шебері. Екінші Харри Кейн болмайды. Біз әртүрлі нұсқалар мен шешімдерді іздеп жатырмыз. Оның орнына басқа біреу келеді, бірақ ол Харри де, оның көшірмесі де болмайды. Уақыты келгенде біз шешімін табамыз — дегенмен, бәлкім, оны мен емес, басқа біреу табар, мүмкін, 10 жылдан кейін. Ол ешкімнен қалыспайды, кідірмейді. Алаңға бірінші болып шығады және қалғандарының бәрін бірінші болып жігерлендіреді — оның мінезі осындай. Ол өте, өте еңбекқор шабуылшыға айналды, бұл оның шабуылды аяқтау шеберлігіне қосымша қасиет», — деді неміс маманы баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, Кейн — жан-жақты ойыншы.
«Ол Мюнхеннің «Бавариясы» секілді алып клубта өзін көрсете алды және барлық мақтауға толық лайық — бұл өте, өте әсерлі. Үнемі жеңіске жетіп жүрген, өзі үлкен әрі танымал клубқа ауысу және «Баварияға» бейімделу оңай емес. Оған бүкіл назар аударылды, ал ол өзінің шеберлігімен, еңбекқорлығымен және адамдық қасиетімен барлығын мойындатты. Бұл — тамаша оқиға», — деп қорытындылады Тухель.
Кейн ұлттық құрама сапындағы дебютін 2015 жылы жасады.