Бильбаодағы ағылшын финалы. Манчестер Юнайтед» пен «Тоттенхэм» 2025 жылғы Еуропа лигасының жүлдесі үшін таласады
2025 жылдың 22 мамырында Еуропа футболының назары Бильбаодағы «Сан-Мамес» стадионына ауады. Дәл осы жерде 2024/25 жылғы маусымдағы Еуропа лигасының финалы өтеді. Бұл шешуші матчта АПЛ-дің екі өкілі - «Манчестер Юнайтед» пен «Тоттенхэм» өзара бас жүлдені сарапқа салады. Алда -ағылшын дербиі және маусымның басты еурокубоктарының бірі.
«Манчестер Юнайтедтің» жолы
«Қызыл сойқандар» топтық кезеңнен сенімді түрде өтті - «Твенте», «Порту», «Фенербахче» және ПАОК клубтарымен болған матчтарда 18 ұпай жинады. Плей-офф кезеңінде команда қарқынын бәсеңдеткен жоқ: 1/8 финалда «Реал Сосьедадты» — 5:2 есебімен жеңді, 1/4 финалда «Лионмен» тартысты қос кездесудің нәтижесінде — 7:6 есебімен басым түсті, ал жартылай финалда «Атлетикті» 7:1 (3:0, 4:1) есебімен тас-талқан етті.
«Тоттенхэмнің» жолы
Лондондықтар топтық кезеңде тұрақтылық танытып, сегіз матчтың қорытындысы бойынша 17 ұпай жинады. Қарсыластар қатарында «Галатасарай», «АЗ», «Қарабах» және «Хоффенхайм» болды. Плей-офф кезеңінде «Тоттенхэм» прагматикалық футбол көрсетті: 1/8 финалда «АЗ»-ды — 3:2, 1/4 финалда «Айнтрахтты» — 2:1 есебімен жеңді, ал жартылай финалда «Буде/Глимтке» еш мүмкіндік қалдырмай — 5:1 есебімен келесі кезеңге өтті.
Бұл финал тарихи маңызға ие болуы мүмкін: егер «Тоттенхэм» жеңіске жетсе, бұл клуб тарихындағы алғашқы Еуропа лигасының трофейі болмақ. Ал «Манчестер Юнайтед» үшін бұл - турнирдегі екінші чемпиондық атаққа қол жеткізудің мүмкіндігі. «Қызыл сойқандар» осы турнирде 2017 жылы Жозе Моуриньюдің жетекшілігімен жеңіске жетіп, финалда амстердамдық «Аякты» тізе бүктірген еді.