«Барселона» – «Жирона» – 2:1. Соңғы секундтардағы драма және Араухоның шешуші соққысы. Голдар және матчқа бейнешолу
18 қазан күні «Олимпик» стадионында Ла Лиганың 9-туры аясында өткен матчта Ханси Флик баптайтын «Барселона» драмалық кездесуде «Жиронаны» 2:1 есебімен тізе бүктірді.
Ойынның алғашқы минуттарынан-ақ каталондықтар бастаманы өз қолына алып, 13-минутта Педри жылдам ұйымдастырылған шабуылды сәтті аяқтап, есеп ашты. Дегенмен қонақтар да тез ес жиып, 20-минутта Аксель Витсель каталондықтардың қателігін ұтымды пайдаланып, таразы басын теңестірді.
Екінші тайм толықтай «Барселонаның» бақылауында өтті. Команда бірнеше қауіпті сәт ұйымдастырғанымен, доп қақпа торына дөп түспей қойды. Ақыры бәрін шешкен сәт 93-минутта туды - бұрыштамадан берілген пасты Рональд Араухо баспен соғып, командасына аса маңызды жеңіс сыйлады.
Назарларыңызға матчтың бейнешолуын ұсынамыз.