«Қазақстандық жігіттерге мотивация» — Покатилов Чемпиондар лигасындағы матчтары туралы
Қазақстан құрамасы мен әзербайжандық «Сабах» клубының қақпашысы Стас Покатилов Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі үшінші тур матчында дортмундтық «Боруссиядан» (1:2) жеңілгеніне пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz, ASnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Қақпашы тартысты кездесуден кейін бойында күш те, эмоция да қалмағанын мойындады. Покатиловтың пікірінше, бакулік команда жеңілістен құтылатын мүмкіндіктерге ие болды, алайда қарсылас жоғары деңгейін көрсетті.
«Қазір эмоция да, күш те қалған жоқ. Кем дегенде жеңілмеуді қатты қаладық, меніңше, оған мүмкіндіктеріміз болды. Бірақ «Боруссия» — бұл басқа деңгей, «Славия» емес. Дебютанттар үшін лайықты ойнадық деп есептеймін, жақсы ойын көрсеттік, әсіресе алғашқы минуттарда. Осы қарқынмен жалғастыра береміз», — деді Покатилов.
Бұған дейін қазақстандық қақпашы чехиялық «Славияға» қарсы ойыны үшін жоғары баға алып, Чемпиондар лигасының апталық символикалық құрамына енген еді. Дегенмен футболшының өзі командалық жетістіктерді жеке марапаттардан жоғары қоятынын атап өтті.
«Кейбір матчтарда команда аутсайдер саналған кезде қорғаушылар мен қорғанысқа жауапты ойыншыларға, яғни қақпашыға, өзіңді көрсету оңайырақ болады. Мен бұған байланып қалмаймын. Әрине, сенің осындай ойын көрсеткеніңді мойындағаны жағымды, бірақ кейін оны ұмытып кетесің. Ең алдымен команданың нәтижесі маңызды, содан кейін ғана жеке жетістіктер», — деді қақпашы.
Сондай-ақ 33 жастағы қақпашы қазақстандық футболшылар үшін басты еурокубок турнирінің негізгі кезеңіндегі ойындардың маңызы туралы айтып берді:
«Бұл — 100 пайыз арман. Қарапайым ауладан өз жолын бастап келе жатқан қазақстандық балаларға үлгі деуге болады. Бұл — армандардың орындалатынын және бәріне мүмкіндік бар екенін көрсетеді. Осындай деңгейде ойнап, өзіңді көрсету — бізге, Қазақстанның жігіттеріне де үлкен мотивация».
Еске сала кетейік, Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі үшінші тур аясындағы «Сабах» пен «Боруссия» арасындағы матч Бакудегі Олимпиада стадионында өтіп, неміс клубының 2:1 есебімен жеңісімен аяқталды. Покатилов алаңда толық 90 минут ойнап, алты сейв жасады және Sofascore порталынан 8,3 деген баға алды.
Үш турдан кейін әзербайжандық клубтың еншісінде үш ұпай бар. «Сабах» Чемпиондар лигасындағы келесі матчын 4 қарашада сырт алаңда норвегиялық «Викингке» қарсы өткізеді.