Қазақстан футбол федерациясы Каспийдегі қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты
Қазақстан футбол федерациясы Каспий теңізінің жағалауында өткен әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Федерация Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиғадан кейін арнайы үндеу жариялап, марқұмдардың отбасыларына қолдау білдірді.
«Қазақстан футбол федерациясы Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты марқұмдардың отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады», - делінген ҚФФ хабарламасында.
Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде болды. Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райы күрт бұзылып, жел күшейген. Соның салдарынан бір топ әскери қызметші теңізге түсіп кеткен.
Кейін Қорғаныс министрлігі 12 әскери қызметшінің қаза тапқанын ресми түрде растады. Олардың арасында бір аға лейтенант пен 11 мерзімді әскери қызметші болған. Ведомство марқұмдардың есімдерін жариялап, олардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.
Нақтыланған мәлімет бойынша, үш әскери қызметші құтқарылды, тағы екі адамды іздеу жұмыстары жалғасты.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, қайғылы жағдайдың барлық мән-жайын анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оқиғаның себептерін жан-жақты анықтап, қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
Әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Бұған дейін Sports24.kz Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқандардың арасында 20 жастағы спортшы Сержан Аяпбергеннің де болғанын жазған еді. Ол мерзімді әскери қызметке дейін самбо және дзюдомен айналысып, Маңғыстаудағы «Жас Батыр» спорт мектебінде тәрбиеленген. Сержан Қазақстан чемпионатының жүлдегері атанып, халықаралық жарыстарда да өнер көрсеткен.