«Ақтөбенің» көшбасшыларының бірі клубтан кетуі мүмкін
Нигер құрамасының шабуылшысы Даниэль Соса алдағы қысқы трансферлік кезеңде «Ақтөбеден» кетуі мүмкін. Бұған дейін БАҚ-та тараған ақпаратқа қарамастан, қазақстандық клуб басшылығы футболшының өкілдеріне келісімшартты ұзарту туралы ұсыныспен жүгінбеген, деп хабарлайды Sports24.kz ASnews.kz-ке сілтеме жасап.
28 жастағы футболшының «қызыл-ақтармен» қолданыстағы келісімшарты 2027 жылдың шілдесіне дейін жарамды. Дегенмен африкалық легионердің қазақстандық командадағы болашағы әзірге белгісіз. Қысқы трансферлік кезең аяқталғаннан кейін де Сосаның «Ақтөбе» құрамында қалу нұсқасы жоққа шығарылмайды.
Өткен маусымда Нигер құрамасының шабуылшысы Қазақстан Премьер-лигасындағы «Ақтөбенің» ең нәтижелі ойыншыларының бірі болды. 2026 жылғы Қазақстан чемпионатында Соса 21 матчта 8 гол соғып, 4 нәтижелі пас берді.Футболшы шабуылдың екі қанатында да, орталық шабуылшы позициясында да ойнай алады.
Соса «Ақтөбеге» 2025 жылы ауысты. Қазақстандық клубқа келгенге дейін африкалық легионер Беларусьтің «Ислочь» және Украинаның «Кривбасс» командаларында өнер көрсетті. Даниэль Сосаның болашағына қатысты белгісіздікке қарамастан, «қызыл-ақтар» басшылығы келесі маусымға дайындық аясында кадрлық бірқатар шешім қабылдап үлгерді.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Ақтөбе» украиналық қорғаушы Иван Ордецпен жаңа келісімшартқа отырғанын ресми түрде жариялаған еді. Сонымен қатар команданың бас бапкері Игорь Черевченко өз қызметінде қалды.