Төрехан Сабырхан «қазақ» салмағындағы Азия ойындарының тарихи алтыны туралы айтып берді
Жапонияда өткен XX жазғы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алған қазақстандық боксшылар Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай турнирге дайындықтары мен алдағы жоспарлары туралы айтып берді, деп хабарлайды Sports24.kz сайты Kazinform-ға сілтеме жасап.
20 жастағы Төрехан Сабырхан Азия ойындарында 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды. Бұл салмақ дәрежесі қазақстандық бокс үшін ең табысты санаттардың бірі саналады. Олимпиада ойындарында осы салмақта бұған дейін Бахтияр Артаев 2004 жылы, Бахыт Сәрсекбаев 2008 жылы, Серік Сәпиев 2012 жылы және Данияр Елеусінов 2016 жылы алтын медаль жеңіп алған.
Сабырхан бұл санатта өнер көрсетуге байланысты жауапкершілікті түсінетінін мойындады. Дегенмен ол тарихи сабақтастыққа назар аудармай, жаттығу үдерісіне толық көңіл бөлуге тырысатынын айтты.
«Алматы әуежайында осындай жылы қарсы алған баршаңызға көп рақмет. Азия ойындарындағы-2026 жеңісімді бүкіл Қазақстанға арнадым. Қазақстанның Азия ойындарындағы бокстан соңғы медалі осыдан 12 жыл бұрын бұйырған еді. Осы үзілісті тоқтатып, Азия ойындарының алтынын елге қайта әкелгеніме өте қуаныштымын. Бұл ел үшін аса маңызды жетістік деп ойлаймын. Жетістіктің сыры қарапайым — әр жекпе-жекті жақсы өткізуге тырыстым», — деді Төрехан Сабырхан.
Қазақстандық боксшы үшін Азия ойындарының-2026 финалдық жекпе-жегінің маңызы ерекше болды. Осы жылғы Азия чемпионатында Сабырхан шешуші кездесуде иорданиялық Зеяд Ишаишке есе жіберген еді. Ал Азия ойындарының финалында Төрехан реванш ала алды.
Спортшының айтуынша, жеңілістен кейін қателермен жұмыс істеу, сондай-ақ АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиыны дайындықта маңызды рөл атқарған.
«Жақсы дайындықтың жүргізілгені, Азия чемпионатындағы жеңілістен кейін қателермен мұқият жұмыс істегеніміз көп көмектесті. Сонымен қатар Америкаға оқу-жаттығу жиынына барып, проблемаларыммен жақсы жұмыс істедік, дене дайындығымды жақсарттық, дұрыс қалпына келу жоспарын әзірледік, жекпе-жек өткізу тактикасын — қалай бокс жасау керектігін, рингте қандай әдіс-тәсілдерді қолдану қажеттігін пысықтадық. Мұның бәрін Америкада бас жаттықтырушы Нұржан Насановпен және жеке тәлімгерім Ілияс Оралбековпен бірге атқардық. Әрине, финалда интрига болды, бірақ бар күшімді салып, жеңіске жеттім», — деді Төрехан Сабырхан.
Азия ойындарынан кейін боксшы шағын үзіліс жасап, одан соң келесі ірі турнирлерге дайындықты жалғастыруды жоспарлап отыр. 2027 жылы Астанада лицензиялық әлем чемпионаты өтеді, ал 2028 жылы Олимпиада ойындары ұйымдастырылады.