«Астана» клубының болашағы мен инвесторға қатысты мәлімдеме жасалды
«Астана» футбол клубының директорлар кеңесінің төрағасы Саян Хамитжанов клуб ішіндегі күрделі жағдайға түсініктеме беріп, команданың өнерін бағалады және әлеуетті инвестормен жүргізіліп жатқан келіссөздердің барысы туралы айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Хамитжанов клубтың баспасөз қызметіне сұхбат беріп, күрделі қаржылық жағдайға қарамастан команданы қолдап жүрген жанкүйерлерге алғыс білдірді.
Жанкүйерлерді ең алдымен бір сұрақ мазалайды: жағдайды тұрақтандырудың жолы бар ма?
«Әрине. Біз қол қусырып отырған жоқпыз. Қалыптасқан мәселелерді шешудің жолдарын үнемі іздестіріп жатырмыз. Біздің басты міндетіміз – «Астана» клубындағы барлық үдерістің еуропалық деңгейдегі үлкен клубқа сай жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
Бір күнде шешу мүмкін емес мәселелер бар. Бұрыннан жиналған міндеттемелер, күнделікті операциялық жұмыс бар. Сонымен қатар бүгінгі жағдайды ғана емес, болашақты да ойлау қажет.
Алайда ең маңыздысы - бұл жағдайды реттеуге деген ниет бар. Диалог тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Біз команда, қызметкерлер, жанкүйерлер және қала алдындағы жауапкершілігімізді түсінеміз. Біздің мақсатымыз – жекелеген мәселелерді шешіп қана қоймай, клубтың әрі қарай жұмыс істеп, дамуына мүмкіндік беретін жүйе қалыптастыру», – деді Хамитжанов.
«Астананың» жанкүйерлерін ғана емес, бүкіл қазақстандық футбол жанкүйерлерін толғандыратын тағы бір сұрақ: көптен күткен инвесторды қашан көреміз?
«Біз әлеуетті инвесторға «Астанадағы» жағдай туралы барынша толық әрі объективті ақпарат беру үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Қаржылық жағдай, спорттық әлеует, клубтың міндеттемелері, даму мүмкіндіктері және «Астананың» алдағы уақытта қай бағытта дамуы мүмкін екені туралы өз көзқарасымыз ұсынылды.
Қазіргі уақытта барлық қажетті ақпарат берілді, бірлескен ауқымды жұмыс атқарылды. Біз өз тарапымыздан барынша ашықпыз және бұл үдерістің сәтті әрі мүмкіндігінше тез аяқталуына мүдделіміз.
Дегенмен, әңгіме жай ғана басшылықтың ауысуы немесе клубтың жанынан жаңа адамның пайда болуы туралы емес екенін түсіну керек. Біз инвестордың келуі «Астана» үшін жаңа кезеңнің басталуына себеп болғанын қалаймыз. Бұл - түсінікті басқару жүйесі, қаржылық тұрақтылық, ұзақ мерзімді стратегия және Қазақстанда ғана емес, Еуропада да ең жоғары мақсаттар үшін күресу мүмкіндігі.
Сондықтан мұндай жағдайда асығыс әрекет еткеннен гөрі, бәрін дұрыс жасаған маңызды. Жұмыс барысындағы диалог тұрақты түрде жалғасып жатыр, алдағы қадамдар да түсінікті. Соңғы шешімдер ресми түрде бекітілмейінше, нақты мерзімдерді атауды немесе оқиғадан озып сөйлеуді дұрыс деп санамаймын. Мұндай мәселелерде нәтиже бәрін өзі көрсетуі керек.
Бірақ бір нәрсені сеніммен айта аламын: «Астананың» әлеуеті зор. Тарихындағы ең күрделі кезеңдердің бірінде де команда елдегі ең мықты клубтардың бірі екенін көрсетіп отыр. Ал клубтағы адамдар осы жобаға қаншалықты адал екенін дәлелдеді.
Егер маусым қорытындысы бойынша үшінші орын алсақ, бұл чемпиондықпен тең болады», - деп түйіндеді Хамитжанов.
«Астананың» қаржылық қиындықтары
Еске салайық, соңғы уақытта клуб жаңа инвестор іздеуде қиындықтарға тап болып, бірқатар негізгі футболшымен қоштасты және жалақы бойынша берешекке жол берді. Қыркүйек айында ойыншылар қарызды өтеуді талап етіп, маусымның қалған матчтарына бойкот жариялау мүмкіндігін мәлімдеді. Кейін клуб басшылығы құрылтайшылар мен Қазақстанның Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен жағдайдың реттелгенін хабарлады.
ҚПЛ-2026 маусымындағы 25 матчтан кейін елордалық клуб турнир кестесінде 48 ұпаймен үшінші орында тұр. «Астана» келесі жылы Конференциялар лигасының іріктеу кезеңіне қатысуға үміткер.
Бұған дейін Талдықорғанның «Жетісу» клубы футболшылар алдындағы жалақы бойынша берешектің кешігу себептерін түсіндірген болатын.
ҚПЛ клубтары кімге тиесілі: командалардың иелері кім және олардың қаржылық жағдайы қандай?