Дастан Сатпаев «Бернлидің» негізгі құрамынан «шығып қалды»
Сенбі, 10 қазанда «Бернли» Чемпионшип аясындағы кезекті матчын өткізеді. Ойын қарсаңында британдық БАҚ «Уотфордқа» қарсы кездесуде алаңға шығуы мүмкін команданың бастапқы құрамын болжады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Дастан Сатпаевтың жаттығуға оралғаны және осы демалыс күндері өтетін матчқа қатысуға үміткер болатыны белгілі. Бұған дейін команданың бас бапкері Ники Хайен осы ақпаратты растаған еді.
Алайда Burnley Express басылымының болжамынша, қазақстандық футболшы Англияның екінші деңгейлі чемпионатының 9-туры аясындағы матчты негізгі құрамда бастамайды. Кездесу 10 қазанда Уотфорд қаласындағы «Викаридж Роуд» стадионында өтеді. Ойын Қазақстан уақытымен сағат 19:00-де басталады.
«Уотфордқа» қарсы матчқа «Бернлидің» болжамды бастапқы құрамы
Грегуар Кудер; Коннор Робертс, Анел Ахмедходжич, Игор Жулио, Лукас Пирес; Макс Аллейн, Джош Лорент; Маркус Эдвардс, Зеки Амдуни, Якоб Бруун Ларсен, Джейми Варди.
Еске салайық, қазақстандық шабуылшы 2 қыркүйекте «Мидлсброға» қарсы ойында жарақат алған болатын. Жарақат алғанға дейін Дастан «Бернли» сапында төрт ресми матч өткізді.
Сатпаев Чемпионшип аясында «Вест Бромвич», «Норвич» және «Мидлсбро» командаларына қарсы ойнады. Сондай-ақ Англия лигасы кубогында «Брэдфорд Ситиге» қарсы кездесуді негізгі құрамда бастады. Оның жалпы ойын уақыты 283 минутты құрады. Әзірге футболшы гол соғып, нәтижелі пас бере алған жоқ.
Чемпионшиптің сегіз турынан кейін «Бернли» төрт ұпай жинап, турнир кестесінде соңғы, 24-орында тұр. The Guardian басылымының жазуынша, команданың бас бапкері Ники Хайен жанкүйерлердің елеулі қысымына ұшырап отыр. Оның клубтағы болашағы да үлкен күмән тудырады.
Ұпай жинау қажет: британдық БАҚ «Бернлидің» келесі матчы туралы не жазды?