Андрей Мартин Қазақстан кубогының финалы алдында «Ордабасыдағы» болашағы туралы айтты
«Ордабасы» футбол клубының бас бапкері Андрей Мартин Қызылорданың «Қайсарына» қарсы өтетін Қазақстан кубогының финалына қатысты ойын бөлісті. Матч алдындағы баспасөз мәслихатында молдовалық маман шымкенттік клубпен келісімшартын ұзарту мүмкіндігі туралы да айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бас бапкер кубок финалының өзіндік ерекшелігіне тоқталып, шәкірттерінің маусымды тағы бір жүлдемен аяқтауға ниетті екенін жеткізді.
«Кубок финалы – футболшылар мен бапкерлер үшін ерекше кездесу. Біз маусымды жақсы нәтижемен аяқтағымыз келеді. Стадион жанкүйерлерге толады деп үміттенемін. Команда ойынға дайын және оның маңызын жақсы түсінеді. Әрине, қысым болады. Бірақ біздің футболшылар мұндай жағдайда да өздерін көрсете алатынын дәлелдеді. Бұл кездесу Шымкент үшін тарихи маңызға ие болуы мүмкін», – деді Мартин.
52 жастағы маман «Ордабасыдағы» болашағына да тоқталды. Оның клубпен қазіргі келісімшарты 2026 жылдың 30 қарашасына дейін жарамды. Алайда тараптардың ынтымақтастықты жалғастыратыны әзірге белгісіз.
«Келісімшартым 30 қарашаға дейін күшінде. Сол уақытқа дейін өз міндетімді толық атқаруға дайынмын. Бұл жоба маған қызық, Қазақстанда үлкен ықыласпен жұмыс істеп жүрмін. Дегенмен қазір бар назарымыз финалға ауған. Алдағы жоспарлар туралы ойыннан кейін клуб басшылығымен сөйлесеміз», – деді бас бапкер.
Айта кетейік, Андрей Мартиннің жетекшілігімен «Ордабасы» өз тарихында екінші рет Қазақстан чемпионы атанды. Шымкенттік клуб Премьер-лиганың аяқталуына бір тур қалғанда, 25 қазанда алтын медальді мерзімінен бұрын жеңіп алды.
29-турда «Ордабасы» елордалық «Жеңіспен» 1:1 есебімен тең түсіп, ұпай санын 68-ге жеткізді. Ал келесі күні чемпиондыққа таласқан басты қарсыласы «Қайрат» «Ақтөбені» жеңе алмай, 2:2 есебімен тарқасты. Осылайша, екі команданың арасындағы төрт ұпайлық айырмашылық сақталып, алматылық клуб көшбасшыны қуып жету мүмкіндігінен айырылды.
Шымкенттік команда бұған дейін алғашқы чемпиондығын 2023 жылы тойлаған болатын. Енді «Ордабасы» бір маусымда ел чемпионаты мен Қазақстан кубогын қатар жеңіп алып, өз тарихында тұңғыш рет «алтын дубль» жасауға мүмкіндік алды.
«Қайсарға» қарсы шешуші кездесу 7 қарашада «Түркістан Арена» стадионында өтеді. Матч Қазақстан уақытымен сағат 16:00-де басталады.