locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Анарбековтың ойыны төмендеді» – сарапшы «Қайрат» қақпашысының «Атырау» матчындағы өрескел қатесі туралы

Маман Қазақстан құрамасының негізгі қақпашысының ойынына пікір білдірді.
«Анарбековтың ойыны төмендеді» – сарапшы «Қайрат» қақпашысының «Атырау» матчындағы өрескел қатесі туралы
Фото: anarbekov_temirlan77

Қазақстандық белгілі футбол функционері әрі маман Булат Есмагамбетов эксклюзивті пікірімен Sports24.kz бөлісті. Ол Қазақстан премьер-лигасының 13-турында «Қайраттың» өз алаңында «Атыраумен» тең ойнаған матчын қорытындылады.


Айта кетейік, кездесу тең аяқталды – 1:1. «Қайрат» есепті бірінші болып ашты, гол авторы – финляндиялық жартылай қорғаушы Яакко Оксанен, оған португалиялық шабуылшы Жоржинью пас берді. 69-минутта «Атырау» жартылай қорғаушысы Айдар Абдулла «Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбековтың өрескел қателігін ұтымды пайдаланып, оның айып алаңындағы пасын қиып әкетті.


«Меніңше, «Атырау» фавориттерге қарсы әрдайым мықты ойнайды, қорғанысқа басымдық беріп, қарымта шабуылда өз мүмкіндігін іздейді. Бұл күтпеген жағдай емес. «Қайраттың» бірінші болып есеп ашқаны – сәттілік. Мұндай қайсар ұжымдарға қарсы екінші не үшінші голды ұзақ күттірмей соғу керек. Соңғы уақытта «Қайрат» тұрақсыздық танытып жүр, мұны «Атырау» да білді деп ойлаймын. Бұл – «Қайрат» үшін өте маңызды екі ұпайдың жоғалуы. Егер «Ордабасы» қателеспесе, чемпиондық бәсекеде алға шығу қиындайды», – деді Булат Есмагамбетов.

«Анарбековтың ойыны төмендеді»

Маман арнайы «Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбековтың өрескел қатесі орын алған сәтті талдады.


«Анарбеков соңғы кезде неге екені жиі қателесіп жүр. Оның ойыны төмендеп кетті. Мүмкін, ол туралы көп айтылады, әртүрлі клубтарға ауысады деп те әңгіме бар шығар. Адам өзі мән бермеймін десе де, санада бұл ойлар тұрып, кері әсер етеді. Мұндай қысымды еңсеруді де үйрену керек. Әрине, бұл өрескел қате», – деді Булат Есмагамбетов.

Бұған дейін алматылық «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин КПЛ-дегі «Атырау» матчында соғылған курьезді гол туралы пікір білдіріп, шәкірттерінің осындай ойынын «ессіздік» деп атады.

Енді Алматы клубы 27 ұпаймен КПЛ турнирлік кестесінде екінші орында тұр. «Атырау» 15 ұпаймен тоғызыншы сатыда.

Спорт — бір шертуде!
Біздің қауымдастықтарға жазылыңыздар да, спорттық оқиғалардан хабардар болыңыздар!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie