Алматы полициясы тарихи «Қайрат» – «Селтик» ойынының қорытындысын жариялады
Алматы қалалық полиция департаменті Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі «Қайрат» пен шотландиялық «Селтик» арасындағы қарымта кездесу аяқталғаннан кейін ресми мәлімдеме жасады.
Ведомствоның хабарлауынша, оңтүстік астанада өткен бұл ойын тыныш жағдайда өтіп, қоғамдық тәртіп бұзушылықтар тіркелмеген, деп жазады Polisia.kz.
«Екі клубтың жанкүйерлері де тәртіп сақтап, бір-біріне құрметпен қарады және ешқандай арандатушылыққа барған жоқ. Алматы тұрғындары мен қонақтарының полиция қызметкерлерімен өзара түсіністігінің арқасында елеулі оқиғалар тіркелген жоқ. Қалалықтарға жауапкершілігі мен түсіністігі үшін алғыс айтамыз», – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқарма басшысының орынбасары Тимур Ноғайбаев.
Айта кетейік, тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін «Орталық» стадион мен оның айналасында екі мыңға жуық полиция қызметкері жұмылдырылды.