АЛИССОН: \"Бұл – менің мансабымдағы ең үздік ойын\"
"Ливерпуль" қақпашысы Алиссон Бекер ПСЖ-ға қарсы ойынын мансабындағы ең үздік ойын деп бағалап, командасының 1:0 есебімен жеңіске жеткеніне тоқталды.
Англиялық клуб Чемпиондар лигасының 1/8 финалының алғашқы матчында Парижде сенсациялық жеңіске жетті. Жеңіс голын Харви Эллиотт соқты, алайда кездесудің басты қаһарманы – қақпашы Алиссон болды. Ол қарсыластың қарқынды шабуылдарына төтеп беріп, тоғыз сейв жасап, командасына жеңісті сақтап қалуға көмектесті. Бұл – оның "Ливерпуль" сапындағы жеке рекорды. Енді Арне Слоттың шәкірттері қарымта кездесуге аз ғана басымдықпен аттанады.
Ойын барысында ПСЖ 27 соққы жасаса, "Ливерпуль" бар болғаны екі рет қақпаға дәл соққы бағыттады. Алиссон өз мансабында мұндай деңгейде ойнамағанын айтып, бірақ командасының осы 90 минутта үлкен қиындық көргенін мойындады.

TNT Sports арнасына берген сұхбатында Алиссон:
"Бұл – менің мансабымдағы ең үздік ойын шығар. Бас бапкер ПСЖ-ға қарсы ойында қаншалықты қиналатынымызды, олардың доппен шебер ойнайтынын және бізге төзімділік қажет болатынын ескерткен еді. Біз бұған дайын болдық. Жаттығуда көп еңбектендік. Ойын барысында бірнеше қауіпті сәттерге жол бердік, кейде шабуылшылар қақпашымен бетпе-бет шықты. Бірақ мұндай сәттерде ең маңыздысы – қарсыласты шешім қабылдауда ойландыру.
Команданың жанкешті еңбегі менің жұмысымды жеңілдетті. Ал матч соңында Харви [Эллиотт] алаңға шығып, жеңіс добын соқты – бұл біз үшін керемет сәт. Ғажайып түн болды"."**