«Қайраттың» бұрынғы ойыншысы 33 жасында мансабын аяқтады: ол кім?
«Қайраттың» бұрынғы капитаны Яцек Гуральски кәсіби футболдағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеді. 33 жастағы польшалық жартылай қорғаушының соңғы клубы Краковтың «Вечистасы» болды, деп хабарлайды Sports24kz.
Футболшы бұл шешімін әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы хабарлады. Гуральскидің сөзінше, өмірінің үлкен бөлігін қамтыған маңызды кезеңге нүкте қоятын уақыт келген.
«Барлық жақсы нәрсенің бір күні аяқталатыны рас. Бүгін осы тамаша кезеңді қорытындылап, ресми түрде жабатын сәт келді. Футбол маған Быдгощта өскен кішкентай бала кезімде армандай алмаған дүниелерді сыйлады. Осы жолда жанымнан табылған әр адамға шын жүректен алғыс айтамын», - деп жазды ол.
Қазақстандық жанкүйерлер Гуральскиді ең алдымен «Қайраттағы» кезеңі арқылы жақсы біледі. Ол алматылық клубқа 2020 жылдың қаңтарында ауысып, аз уақыттың ішінде команданың маңызды ойыншыларының біріне айналды.
Поляк футболшысы «Қайратпен» бірге 2020 жылы Қазақстан чемпионы атанды, ал бір жылдан кейін ел Кубогын жеңіп алды. Сонымен қатар ол алматылық команданың Конференциялар лигасының топтық кезеңіне шығуына үлес қосты.
Қазақстанда ойнаған жылдары Гуральски капитандық міндетті де атқарып, алаңдағы басты көшбасшылардың біріне айналды.
2022 жылдың жазында ол «Қайраттан» кетіп, Германияға жол тартты. Онда Бундеслигадағы «Бохум» клубының жейдесін киді. Кейін Польшаға оралып, мансабын краковтық «Вечиста» сапында жалғастырды. Дәл осы клуб оның кәсіби футболдағы соңғы командасы болды.
Гуральски Польша құрамасында да өнер көрсетті. Ұлттық команда сапында ол 21 матч өткізіп, бір гол соқты. 2018 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатына қатысқан Польша құрамасының тізіміне енді.
Осылайша, Яцек Гуральски Польша, Қазақстан және Германия чемпионаттарында ойнаған мансабын аяқтап отыр. Ал «Қайраттағы» кезеңі оның футболдағы ең есте қаларлық белестерінің бірі болып қалды.