«Қайраттан» жеңілгеннен кейін «Атырау» капитаны жанкүйермен төбелесе жаздады
16 сәуір күні Алматыда өткен Қазақстан Премьер-лигасының 4-турындағы ойында «Қайрат» өз алаңында «Атырауды» 4:0 есебімен ойсырата жеңді.
Кездесудің басты қаһармандарының бірі - 16 жастағы шабуылшы Дастан Сәтпаев болды. Ол осы маусымдағы өзінің төртінші голын соғып, ҚПЛ-2025 сұрмергендерінің тізімінде көш бастады.
Ал «Атырау» үшін бұл маусым сәтсіз өтіп жатыр. Команда бес турдың ішінде небәрі бір рет жеңіске жетіп, төрт ойында жеңілді. Қазір турнирлік кестеде 3 ұпаймен 10-орында тұр. Бұған қоса, өткен аптада Қазақстан кубогынан да ұшып кетті. Горовенко шәкірттері 1/8 финалда «Тұраннан» ұтылған болатын.
Ойыннан кейін стадионда үлкен жанжал орын алды. «Атырау» жанкүйерлері ашық наразылық білдіріп, футболшыларды ынта мен нәтижеге ұмтылыстың жоқтығы үшін сөкті. Ерекше шиеленісті сәт команданың капитаны Ринат Жұматов пен жанкүйер арасында болды. Жанкүйерлердің бірі ойыншыға қатты сөз айтып, тіпті «Атырауға барып, өзім шешемін» деп қорқытты. Бұл сәт бейнежазбаға түсіп, әлеуметтік желілерде кеңінен тарады.