«Ресейдің бұған қатысы жоқ» — Губерниев Рыбакинаның жетістігі туралы
Белгілі ресейлік комментатор Дмитрий Губерниев қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаның US Open турниріндегі жетістігінің маңызын жоғары бағалады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Турнирдің шешуші матчында Рыбакина Арина Соболенконы 6:4, 5:7, 6:2 есебімен жеңді. Бұл трофей Елена үшін US Open-дегі алғашқы және мансабындағы Үлкен дулыға турнирлеріндегі үшінші жеңіс болды.
«Бұл, ең алдымен, Қазақстан спортының жетістігі. Өйткені Еленаға көмек қолын созған — Қазақстан. Біз, Ресей, ойыншының талантын байқамадық, мұндай жағдай жиі болады. Еленаның «НТВ-ПЛЮС» арнасында жұмыс істеген әкесі теннистің қымбат спорт түрі екенін, қиындықтар бар екенін бірнеше рет айтқан. Әрине, оның жетістігін, әлемнің бірінші ракеткасы атанғанын ескерсек…
Ол керемет ойнады, сабырлылық танытты, жеңіске деген жігерінің арқасында жеңіске жетті. Сондықтан бұл — Қазақстанның жетістігі. Мен ресейлік ретінде, Ресейді, Мәскеуді жақсы көретін адам ретінде «Ресейде туған», «мәскеулік» деген тақырыптарды көруді өте оғаш әрі күлкілі санаймын. Бұл «біз бұрын қайда болдық?» дегенді білдіреді.
Сондықтан бұл — Қазақстанның триумфы. Ресейдің бұған қатысы жоқ. Әрине, Рыбакина өз есімін тарихта мәңгі қалдырды, ал әрі қарай бұл — спорт. Ол әр апта сайын өз деңгейін дәлелдеуі керек», — деді Дмитрий Губерниев Sports24.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Айта кетейік, 27 жастағы Елена Рыбакина WTA тарихында әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілген 30-шы теннисші атанды. Ол сондай-ақ ерлер мен әйелдер арасынан әлемдік жекелей рейтингте көш бастаған Қазақстанның алғашқы өкілі болды.
Рыбакинаның келесі ірі турнирі — Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңі. Финалдық турнир 22–27 қыркүйек аралығында Шэньчжэньде өтеді. Онда Қазақстан құрамасы ең мықты сегіз команданың қатарында өнер көрсетеді. Ширек финалда қазақстандықтар 23 қыркүйекте Испаниямен кездеседі.