Ербол Мырзабосынов Астанада PSG Academy ашу мәселелерін талқылады
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов халықаралық PSG Academy желісінің техникалық директоры Бенжамен Уримен кездесті, деп хабарлайды Sports24.kz.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, тараптар Астанада PSG Academy Kazakhstan академиясын ашуға дайындық, балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту, отандық жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру және жас футболшыларды даярлаудың заманауи халықаралық әдістемелерін енгізу мәселелерін талқылады.
Қазіргі уақытта жоба ұйымдастырушылық және техникалық дайындық кезеңінде. Академияның техникалық басшылығы мен жаттықтырушылар құрамы жасақталған. Қазақстандық мамандар PSG Academy-ның бірыңғай әдістемесі бойынша жұмыс істеп, француз клубының техникалық сарапшыларынан тұрақты әдістемелік қолдау алады.
PSG Academy жүйесінде 17 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Бенжамен Ури Қазақстанға жұмыс сапарымен келді. Ол балаларды даярлау әдістемесі мен жаттығу процесін ұйымдастыруға арналған теориялық оқыту және практикалық сабақтар өткізді.
PSG Academy өкілі қазақстандық мамандардың кәсіби деңгейін жоғары бағалады. Сондай-ақ ол Астананың спорттық инфрақұрылымы жақсы дамығанын және қаладағы спорт алаңдарының бұқаралық спортпен айналысуға қолжетімділігін атап өтті.
Кездесу барысында министр балалар мен жасөспірімдер футболын жүйелі түрде дамыту, білікті жаттықтырушылар даярлау және балалардың спорттық әрі тұлғалық дамуына жағдай жасау маңызды екенін атап өтті.
PSG Academy Kazakhstan-ның алғашқы оқу-жаттығу орталығы Астанадағы Air Arena спорт кешенінде орналасады. FIFA талаптарына сай келетін жабық футбол алаңы ауа райына қарамастан жыл бойы жаттығу өткізуге мүмкіндік береді.
Алғашқы кезеңде академия 6-14 жас аралығындағы шамамен 300 ұл мен қызды қабылдауды жоспарлап отыр. Жаттығулар тәрбиеленушілердің жас ерекшелігі мен дайындық деңгейін ескере отырып, PSG Academy-ның ресми бағдарламасы бойынша өткізіледі. Алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлерінде де орталықтар ашу мүмкіндігі қарастырылады.
Бенжамен Ури Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту үшін үлкен әлеует бар екенін атап өтті.
«Қолда бар спорттық база, білікті мамандар және балалардың футболға деген қызығушылығының артуы Қазақстанның Азия футболындағы позициясын одан әрі нығайтуға жақсы негіз қалыптастырады», – деді ол.
Сондай-ақ ол PSG Academy Kazakhstan жобасын жүзеге асыруға академияның негізін қалаушы Алмас Әлсеновтің қосқан үлесін атап өтті.
Қазақстан PSG Academy халықаралық желісіне қосылған 24-ші ел болды. 2005 жылы құрылған академия бүгінде 200-ден астам оқу-жаттығу орталығын біріктіреді. Жыл сайын оларда 50 мыңнан астам жас футболшы жаттығады.
PSG Academy Kazakhstan жұмысының басталу күні, қабылдау талаптары және тіркелу тәртібі барлық дайындық процедуралары аяқталғаннан кейін қосымша хабарланады.