Жәнібек Әлімханұлы Хамза Шираздың WBO белбеуін көздеп отыр
Жәнібек Әлімханұлы британиялық Хамза Ширазбен өтуі мүмкін жекпе-жекке қатысты ойын білдірді. Қазақстандық боксшы қарсыласымен жеке араздығы жоқ екенін, оның басты мақсаты қазір Шираз иелік ететін WBO чемпиондық белбеуі екенін айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Әлімханұлы әлеуметтік желіде Ширазбен бірге түскен суретін жариялап, болашақ қарсыласына деген көзқарасын қысқа әрі нақты жеткізді. Жәнібек үшін бұл жерде жеке мәселе жоқ - ол чемпиондық атақ үшін рингке шығып, белбеуді Қазақстанға әкелуді көздейді.
«Ол менің жауым емес. Маған тек оның чемпиондық белбеуі керек. Ешқандай жеке мәселе жоқ», - деп жазды Әлімханұлы.
WBO келесі қадамды белгіледі
Әлімханұлы мен Шираз арасындағы ықтимал жекпе-жек мәселесі жазда ресми сипат алды. Дүниежүзілік бокс ұйымы британиялық чемпионды WBO белбеуін қазақстандық боксшыға қарсы қорғауға міндеттеді.
Осыдан кейін екі тарапқа келіссөз жүргізуге уақыт берілді. Алайда боксшылардың командалары жекпе-жекті өткізу шарттары бойынша ортақ шешімге келе алмады. Соның салдарынан кездесуді ұйымдастыру мәселесі промоутерлік саудаға өтті.
Промоутерлік сауда нәтижесінде титулдық жекпе-жекті өткізу құқығы кімге берілетіні және кездесудің қандай шарттармен ұйымдастырылатыны анықталуы тиіс.
Хамза Шираз кәсіпқой рингте әлі жеңілген жоқ. Британиялық боксшының еншісінде 24 жеңіс пен бір тең нәтиже бар. Оның 19 кездесуінде қарсыластары соңғы гонгке дейін шыдай алмаған.
Жәнібек Әлімханұлы да кәсіпқой мансабында жеңілістің дәмін татпаған. Қазақстандық боксшы 17 жекпе-жектің барлығында жеңіске жетіп, оның 12-сін нокаутпен аяқтаған.