WBA Джейк Полдың рейтингтегі орнын қайта қарамақ
Ұйым шешімі кәсіби боксшылар тарапынан сынға ұшырады
ФОТО: Getty Images
Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы (WBA) танымал америкалық блогер және боксшы Джейк Полдың бірінші ауыр салмақ санатындағы ТОП-15 тізіміне кіруіне қатысты шешімді қайта қарауды жоспарлап отыр. Бұл туралы The Ring журналы хабарлады.
Ұйым өкілдерінің мәлімдеуінше, рейтинг мәселесі 15–18 шілде аралығында Мадридте өтетін WBA-ның Еуропалық конвенциясында талқыланады. Мұндай шешім көптеген кәсіпқой боксшылар мен атаққа үміткер спортшылардың наразылығынан кейін қабылданды.
Еске сала кетейік, Джейк Пол соңғы жекпе-жегінде орта салмақтағы WBC нұсқасы бойынша бұрынғы әлем чемпионы мексикалық Хулио Сезар Чавес-кішімен кездесіп, жеңіске жеткен еді. Осыдан кейін ол WBA рейтингінде 14-орынға көтерілді, бұл шешім қоғамда үлкен дау туғызды.