Томпсонның менеджері Жәнібекпен жекпе-жектен бас тартты: \"Егер бұл екі белбеу иесімен оның туған қаласында өтетін жекпе-жек болса, ұсыныстың деңгейі соған сай болуы тиіс\"
Британдық боксшы Шакил Томпсонның (13-0, 9 КО) менеджері Кевин Мари оның командасына орта салмақтағы WBO және IBF чемпионы Жәнібек Әлімханұлымен (16-0, 11 КО) жекпе-жекке ұсыныс түскенін растады. Алайда оның айтуынша, ұсынылған шарттар Томпсон тарапын қанағаттандырмаған.
“Иә, бізге ұсыныс жасалды, бірақ оның шарттары біздің күткеніміздей болмады. Келіссөздерде үлкен айырмашылық бар. Біз Шакил Томпсонды болашақ әлем чемпионы деп санаймыз, сондықтан өз бағытымыздан ауытқуға негіз жоқ. Чемпионмен жекпе-жек өткізу үшін ұсыныс өте тартымды болуы керек, бірақ бұл жолы олай болған жоқ. Егер бұл екі белбеу иесімен оның туған қаласында өтетін жекпе-жек болса, ұсыныстың деңгейі соған сай болуы тиіс”, — деді Мари Ring Magazine-ге берген сұқбатында.
27 жастағы Томпсон WBO рейтингінде оныншы орында тұр және WBO Global мен IBF European аймақтық белбеулерінің иегері. Алайда, ол басқа ұйымдардың рейтингтерінде әлі орын алған жоқ. BoxRec мәліметі бойынша, ол әлемдік орта салмақ боксшылары арасында 35-орында. 2023 жылы британдық боксшы үш жекпе-жек өткізіп, барлығын нокаутпен аяқтады. Оның келесі жекпе-жегі 7 ақпанда Шеффилдте GBM Promotions ұйымдастыруымен өтеді.
Бұған дейін Жәнібек Әлімханұлының келесі жекпе-жегін 5 сәуірде Астанада өткізуі мүмкін екені хабарланған болатын. Өз кезегінде Әлімханұлы қарсылас табудағы қиындықтарға көңілі толмайтынын айтып, екінші орта салмаққа (168 фунт) көтерілуге дайын екенін мәлімдеді.